Құқық қорғау органдары

Полицейге кәсіпкер қызметтік үй берді

Аққайыңдық кәсіпкер учаскелік полицейге су жаңа қызметтік үй берді! Оны іскер жан өз күшімен тұрғызып, тәртіп сақшысына сыйлауды жөн санаған. Трудовое селосында орналасқан баспананың жалпы ауданы 75 шаршы метрді құрайды.

Лейтенант Азатбек Темірханұлы 25 жаста. Ол бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысында дүниеге келіпті. Өткен жылдан өңірімізде еңбек етіп жүр. Бүгін тәртіп сақшысына Трудовое ауылынан қызметтік үй берілді. Бұл село Аққайың ауданының орталығынан 5 шақырым жерде орналасқан.

Павел Леонов – «Санта-Мария» ЖШС басшысы, Аққайың ауданы:

– Үй жаңа, өзім тұрғыздым. Баспананы учаскелік полицейге бергім келдім. Бұл ұсынысымды аудан әкімі Рүстем Мұқашұлы қолдады.

Жасалған жағдайға маман өте қуанышты. Азамат жақында алғаш рет әке атанады екен. Ол – ауданға қарасты 4 бірдей ауылдың учаскелік инспекторы.

Азатбек Темірханұлы – Аққайың аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы:

– Мен Григорьевский селолық округіне жауап беремін. Мұнда Трудовое, Қанжығалы, Көктерек, Григорьевка атты ауылдар бар. Халық саны 1086-ны құрайды. Бүгін үйдің кілтіне қол жеткізіп отырмын. Бұған өте қуаныштымын.

Жиында Аққайың аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Раил Галиев өткен жылды қорытындылай кетті. Маманның сөзінше былтыр ауданда 150-ден аса заңбұзушылық фактісі тіркеліпті. Оның 95 пайызының беті ашылған. Сонымен қатар, мас күйінде көлік жүргізген 61 адам ұсталыпты.

Байболат Култанов