Қоғам

Қалада үш балабақша сенімді басқаруға берілді

“Ақбота”, “Ивушка” және “Балдәурен”. Петропавлда үш балабақша жергілікті серіктестіктерге сенімді басқаруға берілді. Яғни, кәсіпкерлер аталған мекемелерге толығымен жауапты болады.

Бұған дейін мемлекеттік болып келген 3 балабақша енді жекеменшік болып саналады. Яғни, кәсіпкерлер мектепке дейінгі білім беру мекемесіне қатысты барлық жұмыстарға жауапты болмақ. Оның ішінде балалардың тамақтануы, нысанды жөндеу жұмыстары да кіреді. Бірақ, бұл іске мемлекеттен де қаржы бөлінеді екен. Жалпы, сенімді басқару – бұл мемлекет пен кәсіпкердің өзара әріптестігінің жаңа форматы болып табылады. Мұндай жауапты істі өз мойнына алғандардың бірі – Балдырған Ілиясов. Бұл азаматты жерлестеріміз жақсы таниды. Талай жыл білім саласында еңбек еткен ол кейін, 2013 жылдан бері 3 бірдей жеке балабақша ашқан болатын. Яғни, бұл ретте тәжірибесі мол деуге болады.

Балдырған Ілиясов – “Бал Арман” балабақшасының директоры: 

– “Ақбота” бөбекжайында 7 топ бар екен. Менің алға қойған мақсаттарым бар. Еліміздің патриоттарын өсіру үшін ана тілімізді дамытуымыз керек. Оның барлығы балабақшадан басталады”.

Облыстық білім басқармасы өкілдерінің айтуынша аталған балабақшаларға ата-аналар қауымы айына шамамен 16 мыңге төлейді. Мынадай өзгеріс аясында қымет құны қаншалықты өзгеріске ұшырауы мүмкін деген сұрақ туындайды.

Владимир Ткаченко – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Осы орайда ата-аналарға айтарым, балабақшаның ақысы өспейді. Себебі, аталған мекемелер мемлекеттікі болып қала береді. Тек уақытша басқаруға беріледі. Сол себепті, балабақша құнын қымбаттатып жібере алмайды. Бірақ, кәсіпкерлер қосымша ақылы қызметтер ұсына алады. Біз оның мектепке дейінгі білім беру нысанын дамытудағы жоспарларын шектемейміз. Манағы айтылған қосымша қызметтер ата-аналар міндетті емес.

Балабақшалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында кәсіпкерлердің сенімді басқаруына 10 жылға беріледі. Ондағы тәрбие мен білім сапасы, жалпы жұмыс барысы үнемі мемлекеттік қадағалауында болмақ. Пилоттық жоба қаншалықты тиімді? Оны уақыт көрсетеді.

Дана Сәлімқызы