МТРА жаңалықтары

Жемқорлыққа қарсы өңірлік ведомство 2019 жылды қорытындылады

Өткен 12 ай ішінде парақорлыққа барғаны үшін 32 солтүстікқазақстандық жазаланды. Оның 10-ы – мемлекеттік органдардың басшылары. Мемлекетке келтірілген шығынның көлемі 600 млн теңгені құраған. Бұл жайлы журналистермен жүздескен өңірлік ведомствоның басшысы Ернар Баянғазин мәлім етті.

Өткен жылы жемқорлыққа қарсы өңірлік ведомствоның мамандары 26 мемлекеттік органда тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 104 заңбұзушылықтың бетін ашқан. Оның 86-сы парақорлық фактілері. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда біршама көп екен.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– 2018 жылы 75 заңбұзушылық анықталған болатын. Ал былтыр бұл сан біршама өскен. Тағы өткен жылы өндірісте 244 қылмыстық іс болған. Олардың жартысынан көбі сотқа жіберілді.

Шенділер арасында пара алу жиі кездесетін жағдай дейді мамандар. Мәселен, 12 ай ішінде 10 мемлекеттік орган басшысының заңсыз әрекеттері әшкереленген. 5-уі – облыс, ал қалғандары қала мен аудан деңгейіндегі шенеуніктер екен. Олардың екеуіне қатысты қылмыстық іс әлі тергеліп жатыр. Тағы Ернар Баянғазиннің айтуынша, бармақ басты, көз қыстылыққа ең көп жол бергендер тізімінде құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құқық қорғау саласының қызметкерлері бар.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы: 

– Парақорлардың бәрі жазаланды. Мәселен, қылмыстық жауапкершілікке тартылған 32 тұлғаның 4-уі бас бостандығынан айырылды, ал 1-уінің бас бостандығы шектетілді. Ал қалғандары айыппұл төледі. Жалпы, мемлекетке келтірілген шығын 600 млн теңгені құрады. Бүгінде қаржының барлығы қазынаға қайтарылды.

Парақорлықты түбегейлі жою үшін өңірімізде біраз шаруалар тындырылып жатыр. Мәселен, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жергілікті департаменті облыс әкімдігімен және “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесімен бірлесіп ашық әкімдіктер құруда. Дәл осындай жоба өткен жылы өңірдің 5 бірдей ауданында қолға алынды.

Дана  Ешкенова