МТРА жаңалықтарыҚоғам

Мемлекет басшысының мақаласы жарық көрді

“Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан”. Осындай атаумен бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің мақаласы жарық көрді. Президент  ғұламаның 175 жылдығын атап өту  той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілетіндігін айтты. Өңір азаматтары Ел Президентінің мақаласын талқылап, ой зердесінен өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ, мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек.

Отандық баспасөздердің бірінде бүгін жариялаған ауқымды мақаласында осылай деді Президент. Философ, ақын, ағартушы, ұлттық әдебиеттің негізін қалаушы, аудармашы әрі композитор – хакім Абайдай сан қырлы тұлға мың жылда бір туады. Оның осыдан 2 ғасырдай бұрын жазып кеткен қара сөздері мен өлеңдері әлі күнге дейін актуалдылығын жоғалтқан жоқ, жоғалтпақ та емес.

Сәуле Тұрсынова – қалалық №25 орта мектебінің директоры:

– Абай атамыздың әрбір сөзі адамды адам қылып, оның танымын, мінезін, еңбекқорлығын, адамның не үшін өмірге келгендігін жан-жақты ашып берген, оған толық мінездеме берген ғұлама деп білемін.

Абайдың 175 жылдығын кеңінен атап өтпек қазақ елі. Мақаласында Президент сөз бен ой зергері туралы бірнеше деректі фильм мен “Абай” сериалының түсірілетінін айтты. Театр және музыкалық фестивальдер тағы бар. Ал біздегі облыстық кітапханада өткен қарашада “Абай орталығы” ашылды. Мұндағы сөрелерде 300-ге жуық кітап жатыр. Ұлы ақынның төл шығармаларынан өзге, абайтану туралы еңбектер де жететін. Тіпті, ғұлама туындыларының сан алуан тілдердегі аудармаларын да таптық.

Ләззат Жолаушынова – С.Мұқанов атындағы ОӘҒК бас кітапханашысы:

– Ағылшын, орыс, француз, неміс тілдерінде, ТМД елдерінде шыққан кітаптарды көруге болады. Биыл біздің кітапханаға Бельгия елшілігі француз тілінде шыққан 2 кітапты сыйға тартты.

Міне, бельгиялықтардың тартуы. Абайдың өзімізге таныс өлең жолдарының француз тіліндегі аудармаларын көріп бір марқайып қалдық, әрине. Десе де қазақтан шыққан 19-ғасырдың біртуар перзентін төрткүл дүниеге лайықты таныта алмай келеміз деді Президент өз мақаласында. Сондықтан, Қазақстанның әрбір елшілігінде осы сынды “Абай орталықтары” жаппай ашылмақ биыл. Ол ол ма, ақынның тағы бірталай еңбектерін ағылшын, араб, жапон, испан, итальян сынды 10 шақты тілге тәржімалау міндеті де тұр. Ал елордада ірі халықаралық конференция өтпек. Тек Президент осы мәдени шараларды ұйымдастыруда ысырапшылдыққа жол бермеуді тапсырды.

Абай өлеңдерін оқу эстафетасы – былтырғы жылы басталған бұл челлендж отандық жұлдыздар былай тұрсын, шетелдіктер тарапынан зор қолдау тапты. Хакім Абайдың өлеңдері Петербор, Париж бен Берлин көшелерінен оқылды. Жұртты желіде жұмылдырған шарадан Мемлекет басшысы да шет қалмаған еді.

Мақаласында Қасым-Жомарт Тоқаев бұл интернет-челлендждің қайта жанданып, өрісі биыл одан әрі кеңейетініне сенім білдірді.

Саят Ермек