Денсаулық сақтау

МӘМС жүйесі талқыланды

СҚО-на міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жалпы құны 4 млрд теңге болатын дәрі-дәрмек сатып алыныпты. Қазір препараттар өңірдегі емдеу мекемелеріне таратылып жатыр. Алдағы уақытта қажетті дүние 18 жасқа дейінгі балалар мен диспансЕрлік есепте тұрған адамдарға тегін берілмек. Бұл жайлы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін халыққа түсіндіру, проблемаларды анықтау бойынша жүрген республикалық штаб өкілдерінің қатысуымен өткен жиында айтылды.

Өзімізге жақсы мәлім елімізде қаңтардың 1-інен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жұмысын бастады. Оның аясында тұрғындарға тегін қызмет көрсетіледі. Яғни, тұрақты түрде қорға ақша аударған жандар бірқатар мамандардың көмегіне ақысыз жүгіне алады. Осы орайда мынаны ескеру қажет: халықты мемлекеттікпен қатар, жеке меншік мекемелер де қабылдайды. Бірақ, белгілі бір заңды тұлғаның атындағы клиника қормен келісім шарт жасасқан болуы қажет.

Ботагөз Жақселекова – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы:

– Жыл артқан сайын елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында да жұмыс істеуге ниетті жеке меншік ұйымдардың қатары ұлғайып келеді. Бұл механизм қарапайым. Қор ақша бөледі, сол қаржыға мамандар тұрғындарды қабылдайды. Біз алдағы уақытта мекемелерге арнайы логотип қоймақшымыз. Онда бұл орталық қормен келісім шарт жасасқан, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша қызмет көрсететіндігі жазылады.

Қазір СҚО-да 52 жеке меншік медициналық мекеме бар екен. Олардың 26-сымен қор келісімге келіпті. Яғни, осы клиникаларда сақтандырылған жандар қызмет ала алады. Енді, тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамту жайына тоқталайық. Бұл мәселе бүгінгі күні халық арасында аса өзекті. Адамдар препараттар тапшы, қымбат деп шағымданып жатады. Проблема шешімін тапты деп айтуға болады. Жағдай міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында реттеліп отыр.

Ботагөз Жақселекова – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы:

– СҚО-ын тегін дәрі-дәрмекпен қамту үшін 4 млрд теңге бөлінді. Бағытталған ақшаға қаңтар-ақпан айларына арналып препараттар сатып алынды. Қазір олар арнайы орындарға жеткізіліп жатыр. Бұл ретте республикалық статистикаға тоқтала кетейік. Жалпы, ел тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтуға 88 млрд теңге бағытталды. Алдағы уақытта қосымша 120 млрд бөлінеді.

Ескерер бір жайт бар. Тегін дәрі-дәрмек 18 жасқа дейінгі балаларға және диспансерлік есептегі жандарға ғана беріледі. Бүгінде өңірімізде диспансерлік есепте 130 мыңнан аса адам тұр екен.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Өңірімізге 240-тан аса аталым бойынша дәрі-дәрмек әкелінді. Олардың біразы кеше қалалық және аудандық емдеу мекемелеріне таратылды. Ал бүгін алыс орналасқан ауруханаларға жіберілді.

Бүгінде өңіріміздегі 821 кәсіпорын қорға жұмысшылары үшін аударым жасамапты. Олардың жалпы қарызы 22 млн-нан асып отыр. Берешек бойынша “ПАМЖЗ” көшбасында тұр. Өндіріс ошағы 4,7 млн теңге қарыз. Айта кетейік, бүгінде ел тұрғындарының 96 пайызы сақтандырылыпты. Қалған жандар сәуір айына дейін сақтандырыла алады.

Байболат  Култанов