Қоғам

Жемқорлыққа қарсы жаңа акция

Жемқорлыққа қарсы жаңа акция. “Қызылжар – адалық алаңы” жобалық кеңсесінің өкілдері қолға алған шараның өзіндік тиімділігі бар дейді. Яғни, олар белгілі бір бейнеролик әзірлеп, материалды әлеуметтік желілерге жүктейді. Ал пайдаланушылар оны ары қарай жылжытып, астына пікір жазады.

Бұл – “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің “Бір күн – бір пайымдама” деп аталатын жаңа бастамаларының бірі. Аталған шара дүйсенбі, яғни қаңтардың 6-сы қолға алыныпты. Акция аясында барлық әлеуметтік желілерге күн сайын осы сынды бейнероликтер жолданады.

Амангелді Сатанов – “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Жобалық кеңсе барлық мессенджер арқылы, ол – “Телеграм”, “Ватцап” болсын барлық әлеуметтік желілер арқылы бейнеролик жолданады. Сондай-ақ, белгілі аламдардың көзқарастары белгіленеді.

Көріп тұрғандарыңыздай, бұл бейнежазбаларда пара алу фактілеріне тап болған жағдайда тиісті органдарға бірден хабар беру қажеттігі туралы айтылған. Мамандар алдағы бір айда осындай 30-ға жуық қысқа метражды ролик жасауды көздеп отыр. Оны кез келген азамат бір-біріне жолдап, бөлісе алады. Жобалық кеңсенің жетекшісі Амангелді Сатанов бұл бастамаға қатысуға белсенділік таныту арқылы жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа тосқауыл қоюға болады дейді.

Амангелді Сатанов – “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Тек жастарды ғана емес, қоғамның барлық мүшелерін шақырамыз. Біздің есігіміз әрдайым ашық. Егер де бір қандай да мәселе туындап жатса бізге келіп, жүгінсе болады.

Бұл “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің жаңа жылдағы алғашқы бастамасы емес. Ұйым өкілдері алдағы уақытта бармақ басты, көз қыстылықтан бой мен сананы ада ұстау үшін түрлі шаралар ұйымдастырып жатқанын айта кетті.

Актолкын Солтанханкызы