Денсаулық сақтауҚоғам

Кей қалалықтар жедел жәрдем дабылына наразы

Сирена ұйқы қашырды! Кей петропавлдықтар жедел жәрдем көліктерінің дамылсыз дабылына наразы. Өйткені, Жаңа жылдан бері шақыртулардың саны біршама артқан екен. Қатты дыбыстың салдарынан ұйқы қашты деп шағым білдіргендерге мамандардың айтар өз уәжі бар. Жедел жәрдем көлігі заң бойынша сиренасын қосып қатынауы керек, өйтпесе көліктер мен жүргіншілер жол бермейді.

Жедел жәрдем көліктерінің дабылдауы соңғы аптада жиілеп кетті.

Бірақ, бұл пікірмен келіспейтіндер де бар. Көлік көп күндізгі уақытта дабылдатқанды түсінеміз, ал жеті қараңғы түнде сирена қосып не қажеті бар дейді кей тұрғындар. “Қиқулаған” дыбыстан әбден мезі болдық деп олар шағымдарын желіде жарыса жазып жатыр.

– Жедел жәрдем станциясының қасында тұрғаныма 7 жыл болды. Соңғы аптада естіген дабылдардың санын сол 7 жылдың ішінде естімеппін. Кеше түнде қатты дыбыстан 4 рет ояндым, тыныш ұйықтау мүмкін емес.

Мұндай базыналар телефон арқылы диспетчерлерге де түсіп жатыр. “Сиренаны қоспаңдар” деп жекитіндер көп дейді мұндағылар. Алайда, дабыл – бұл ермек емес, қажеттілік.

Асхат Өтебаев – облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығының бас дәрігері:

– Бірінші, екінші және үшінші категорияларға бөқлінеді шақыртулар. 1-категорияға 10 минутта, екіншісіне 15, ал үшіншісіне жарты сағат ішінде жету керек.

Жедел жәрдем көлігі дабылын қосып қатынауы керек. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бір бөлек, бұл – ең алдымен әлемдік стандарт.

Асхат Өтебаев – облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығының бас дәрігері:

– Шақырту түскеннен бастап, шақырған жерге, яғни үйге жеткенше дейін сиренамен және мигалкамен баруы керек.

Мекенжайдан ауруханаға жеткізерде де сирена өшпеуі тиіс. Асхат Өтебаев кей жағдайда үнемделген бірнеше секунд адамның өмірін құтқарып қалуы мүмкін дейді. Құлақты жейтін осы дабылдың арқасында 2019-да 12 солтүстікқазақстандық ажалдан аман қалған. Осы дабылдың арқасында шақыртуға жетудің орташа уақыты қысқарып, 12 минутты құраған. Яғни, сиренасыз көлікке ешкім мән бермейді, ал дабылды қосқанда жағдай өзгереді.

Бекзат Жантасов – облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығының фельдшері:

– Сиренасыз жүрсек, жаяу жүргіншілер де, көліктер де жол бермейді. Ал дабылды естігенде бәрі өткізіп жібереді. Біз осылай біраз уақыт үнемдейміз. Инфаркт, инсульт, эпилепсия – жедел көмекті қажет ететін ұстамалар көп қой. Ауырып қалған адамға дер кезінде көмектесуіміз керек.

Сондықтан, жедел медициналық көмек көрсету орталығы тұрғындардан түсіністік танытуды сұрайды. Сөздерінше, Жаңа жылдың ағашқы күндерінде-ақ шақыртулардың саны 2 есеге артқан. 1 көлік тәулігіне 14-15 рет жолға шығады.

Саят Ермек