Қоғам

40 жастағы азамат жұмыс орнында жарақат алды

Оқыс оқиға орын алды. Петропавл екінші жылу электр орталығының қызметкері 80 пайыз термиялық күйікпен №3 қалалық аурухананың жан сақтау бөліміне түсті. 40 жастағы ер адам жұмыс кезінде жарақат алған. Қазір ақ халатты абзал жандар науқастың өмірі үшін күресуде.

Оқыс жағдай кеше сағат кешкі 9-дар шамасында орын алды. Ер азамат нақты қандай жағдайдан зардап шекті, оған кім кінәлі? Бұл туралы әлі дөп басып айтатын дерек жоқ. Бірақ, алдын ала болжам бойынша мамандар былай деді.

Вадим Ягодин – Петропавл 2-ЖЭО бас инженерінің міндетін атқарушы:

– Азамат қазандықта жиналатын қожды шығару қондырғысын тазалауға кірген. Бұл процедура күніне бір рет автоматты түрде жасалып тұратын. Бірақ, сол күні техникалық ақауларға байланысты автоматты механизм істен шығып қалды. Біз ол жерге қызметкерлерді жіберген едік. Олармен бірге орталықтың қазандық машинисі де болды. Қондырғы тазаланып болған соң ол оны тексеруге барып, люкті ашады. Сол кезде ішінде қалып қойған сұйықтық оның үстіне шашырап кетеді. Бұл әзірге, біздің болжамымыз ғана.

Зардап шеккен азамат бірден ауруханаға жеткізіледі. Қазір ол 3-ші дәрежелі күйікпен жан сақтау бөлімінде жатыр. Яғни, денесінің 80 пайызы күйіп қалған.

Мейрам Оспанов – №3 қалалық аурухананың жарақат аурулар бөлімшесінің дәрігері:

– 9 кезінде бізге жедел жәрдеммен әкелінді. Бетінен бастап аяғына дейін күйген. Қолымыздан келгенше барлық ем-домдарды жасап жатырмыз.

Азамат кәсіпорында 7 жылдан бері қызмет етіп келе жатыр екен. Жасы 40-та. Қазіргі күні арнайы комиссия құрылып, жағдайдың нақты неден туындағаны анықталып жатыр.

Саят Ермек