Қоғам

Сочельник мерекесі аталып өтілді

Қаңтардың 6-сынан 7-сіне қараған түні православ сеніміндегі христиандар Рождествоны қарсы алады. Аталған мейрам қарсаңында жұртшылық Сочельник деп аталатын мерекені атап өтті. Мұнда адамдар құдайға құлшылық етті, бір-біріне ізгі тілектерін білдірді.

Сағат 5-тің кезі. Бұл уақытта Петропавлдың 19-шы ықшам ауданында орналасқан “Вознесения Господня” шіркеуіне адам көп жиылды. Олардың барлығы Рождество қарсаңында ұйымдастырылған Сочельник мерекесіне келіп отыр. Мұнда тұрғындар дұға қылады және өзге де діни жоралғыларды орындайды.

Ақтолқын Солтанханқызы, тілші:

– Сочельник – жылына екі рет тойланатын мереке. Ол Рождество қарсаңында және Шоқыну мейрамы кезінде аталып өтіледі. Мерекеде православ сеніміндегі христиандар аспанда алғашқы жұлдыз пайда болғанша ауыз бекітеді. Кейін ас толы дастарханға жайғасып, дәмнен ауыз тиеді.

Мерекеде әр жанұя мүшесі бір-біріне ізгі тілектер мен жылы лебіздерін білдіреді. Тағы, отбасылық тағамдар дайындап, түннің бір уағына дейін көз ілмейді. Ежелден бері келе жатқан мейраммен православ сеніміндегі христиандарды Петропавл және Булаев епархиясының епископы Владимир де құттықтады.

Владимир – Петропавл және Булаев епархиясының епископы:

– Бүл күні адамдардың ойы мен жаны тазарады. Ұлы мерекеде Вифлеемде жанған жарық әр адамның жүрегін нұрға бөлесін деп тілеймін. Жұртшылықты келіп жеткен Рождество мейрамымен құттықтаймын.

Айта кетейік, мереке қарсаңындағы Сочельник бүгін түнгі сағат 12-ге дейін жалғасады. Кейін православ жұрты Рождество мейрамын қарсы алады.

Ақтолқын Солтанханқызы