Құқық қорғау органдары

СҚО полиция департаменті өткен жылды қорытындылады

Өңірімізде өткен жылы 180-ге жуық есірткі қылмысы анықталыпты. Нәтижесінде заңсыз айналымнан 395 келі зиянды зат тәркіленіп, синтетикалық есірткі әзірлейтін 2 бірдей зертхана әшкереленген. Тағы, 230 кибершабуыл анықталып отыр. Бұл жайлы облыстық полиция департаментінде өткен жиында айтылды.

2019 жылы СҚО-да 6382 қылмыс тіркеліпті. Бұл 2018-ге қарағанда 7,4 пайызға аз екен. Жалпылай алғанда қылмыстық статистика төмендеген. Ал жекелей келгенде өзгеріс аса байқалмайды. “Өңірімізде отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас кезінде пен мас күйде жасалған қылмыстардың саны азаймай тұр”-, дейді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Думан Таев.

Думан Таев – СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары:

– Өткен 12 айда отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас жағдайында 56 қылмыс тіркелді. Оның 3-еуінің соңы өліммен аяқталған. Мұндай жағдайдың алдын алу мақсатында 1900-ден астам тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Адамдардың 442-сі қамауға алынды.

Қазір технология дамыған заман. Тұрғындардың көбісі сатып алу мен несие рәсімдеу жұмыстарын онлайн түрде жүргізеді. Өкініштісі, мұндай іс кезінде адамдар алаяқтардың құрбанына айналады. Биыл өңірімізде 230 киберқылмыс тіркелген екен.

Сәуле Андағұлова – СҚО ПД штаб бастығы:

– Адамдардың басым бөлігі интернет арқылы дұрыс келісім жасауды толық меңгермеген. Салдарынан тұрғындар шағын қарыз алу мен онлайн сауда кезінде алаяқтардың қармағына ілініп жатады. Оңай жолмен ақша тауып жүрген жандар жасанды құжаттар жасап алады. Мұндайда өте сақ болу қажет.

Киберқылмыстардың санын азайту үшін қазір полицейлер тұрғындардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді. Жиында департамент бастығының бірінші орынбасары Думан Таев аймағымызда орын алған жол-көлік оқиғаларына да тоқталды. Былтар өлкемізде 269 апат орын алыпты. Салдарынан 30 адам көз жұмған екен. 2019-да құқық қорғаушылар облысымызда синтетикалық есірткі әзірлейтін 2 зертхананы әшкере етті. Олар Аққайың және Қызылжар аудандарында жұмыс істепті. Тағы, 395 кг зиянды зат тәркіленген. Шара барысында өткен жылы жақсы жетістіктерге жеткен полиция бөлімдері марапатталды. Мамлюттік мамандарға су жаңа «Лада» қызметтік автокөлігі берілді.

Серік Әлжанов – Мамлют аудандық полиция бөлімінің бастығы:

– 2019 жыл полиция департаментінде «Нашақорлықпен күрес жылы» деп жарияланды. Осыған байланысты біз қоғам өкілдері, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарымен бірлесе отыра ауқымды жұмыс тындырдық. Мысалы, тұрғындарға нашақорлықтың қатері жайлы түсіндіру жүргіздік. Сондай-ақ, мәдени және спорттық іс шаралар өткіздік.

Жиын барысында тағы бірқатар маман диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал облыстың бас полицейі Марат Төлебаев жиналғандарды 2020 жылдың жоспарымен таныстырып, алға қойылған мақсаттарды жіпке тізді.

Бердімұрат Баймұхан