Республикалық пәнаралық олимпиаданың облыстық кезеңі өтті

Білім

21:13 6 Қаңтар 2020

Білімді де, білікті жастар! М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өтті. Сайысқа өңірдің түкпір-түкпірінен жиылған 500-ден астам ұл-қыз қатысып, өздері таңдаған пән бойынша тапсырмаларды орындады. Ал ең үздік атанған оқушылар Қарағанды және Талдықорған қалаларында ұйымдастырылатын ақтық турда өңір намысын қорғамақ.

А.Байтұрсыновтың терминологиясы, А.Құнанбаевтің қара сөздері мен өлеңдері және М.Әуезовтың романдары. Оқушылар өлең үзінділерін қай ақынның жазғанын анықтап, мәтінде берілген грамматикалық қателерді белгілеп жатыр. Малика Қайрат М.Жұмабаев атындағы колледж жанындағы мектеп-лицейдің 11-ші сыныбында оқиды. Оқушы қыз болашақта журналист болуды армандайды екен.

Малика Қайрат – М.Жұмабаев атындағы ПГК жанындағы мектеп-лицейінің оқушысы:

– Мен болашақта таңдағым келген мамандық қазақ тілі мен әдебиетке тікелей байланысты. Сондықтан, осындай сайыстарға жиі қатысып отырамын. Қазақ тілі мен әдебиетті тереңірек үйренгім келеді.

Мына кабинетте география пәнін таңдаған 10-шы сыныптың оқушылары тапсырма орындап жатыр. 5 сұрақтың жауабын 2 жарым сағаттың ішінде табу керек. Ал соңғы сауалда ұл-қыздар ел экономикасындағы өзекті мәселелерді атап, оның шешу жолдарын жазады.

Маржан Байбатчанова – «Парасат» мектеп-лицейінің оқушысы, Қызылжар ауданы:

– Мен география пәні қатты ұнайды. Осы пәнді жақсы үйреніп табиғатқа пайдамды тигізгім келеді.

Жалпы, республикалық олимпиада 4 кезеңнен тұрады. 9 бен 11-шы сыныптың оқушылары ең алдымен өз мектептерінде, одан кейін аудандарда өткізілетін сайыстарға қатысқан. Ең жоғары нәтиже көрсеткендер облыстық турға жолдама алып отыр. Бұл 3-ші кезең 2 күн бойы өтті.

Болатхан Жүсіпов – СҚО білім басқармасы білім саласындағы ақпараттық технология мен әдістемелік жұмыс орталығы директорының орынбасары:

–  Кеше 542 бала болды. Облыстық олимпиаданың 1-ші турында 449 оқушы іріктелініп алынды. Біздің мақсатымыз – дарынды балаларды анықтау. Тапсырмалар мемлекеттік стандарттан жоғары болады.

Облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша әр пәннен 2 жеңімпаз іріктелініп алынады. Үздік атанған ұл-қыздар наурыздың 16-сы мен 29-ы аралығында өтетін республикалық олимпиадада өңір намысын қорғайтын болады. Сайыс Қарағанды және Талдықорған қалаларында ұйымдастырылмақ.

Маржан Қасымбек

 

Бұдан әрі оқыңыз

ҰБТ-ның алғашқы кезеңі бастау алды
Өңірде 3 жас еліміздің 100 үздік студенті қатарына енді
Педагог мәртебесі заңмен бекітілді