Білім

Педагог мәртебесі заңмен бекітілді

Отандық ұстаздар қауымы көптен күткен “Педагог мәртебесі туралы” заң күшіне енді. Бала оқыту сияқты жауапты міндетті атқарып жүрген кәсіп иелерінің құқықтары енді қорғауда. Нақтырақ, мұғалималардың айлықтары өсті, ал оларға тіл тигізгендер әкімшілік жазаға тартылатын болды. Бұдан да өзге артықшылықтар бар. Тілшіміз Саят Ермек жаңа заңмен танысып, оған қатысты педагогтар мен бұқараның пікірін білді.

Саят Ермек – тілші:

– Бұрындары сабаққа дайындалмай келсе, оқушы басын төмен түсіріп, ұялушы еді. Нашар тәртіп үшін бұрышқа тұру тағы бар. Ал күнделіктегі екілікті көрген ата-ана ұстаздан жауап алу үшін мектепке жүгірмей, “сабағыңды неге жөнді оқымайсың” деп баласының үйде шаңын қағатын. Өйткені, педагогтың мәртебесі ол кезде асқақ еді.

– Қазіргі кезде ата-ана баласын балабақшадан бастап жақтайды, бір жерден кемтік тауып алса, мұғалімді жамандайды, білімі жоқ дейді. Өйткені заман басқа.

– Қорқатынбыз мұғалімнен, сабақ оқып келетінбіз. Ата-анаға шағым айта алмаймыз, мұғалім ұрысса, яғни сен дұрыс істемедің дейтін. Қазіргі балалар өте емін-еркін өскен.

Сөздің жаны бар. Қазіргі балалар еркін өскен дейді көпшілік. Желіде бірер жыл бұрын пайда болған мына видеоға көз тігейікші.

Бұл – өзге ел емес, өзіміздің Қазақстан. Риторикалық сұрақ: мұғалім бұған лайық па? Ал мына шымкенттік ұстаз қызметтік міндетіне жатпайтын шаруаны атқарудан бас тартқаны үшін басшылықтан қысым көрдім деп шырылдайды.

“Педагог мәртебесі туралы” заң қалыптасқан бұл ахуалды өзгертеді. Сенат оны 2019-дың соңында мақұлдап, қабылдады. Сол заң бойынша енді мұғалімді балағаттап, ар-намысын қорлағандар әкімшілік жазаға тартылады, яғни шамамен 80 мың теңгенің айыппұлын төлейтін болды.

Рахат Әзімбаева – Дарынды балаларға мамандандырылған ЛОРД мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

– Келеңсіз жағдайлар, келіспеушіліктер болады, адамдар әр түрлі ғой, соның бәрін заң тұрғысынан, өзінің шеңберінен аспайтындай қылып қоюы.

Президенттің қолынан “Барыс” орденін алды, елдің үздік педагогы атанды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Рахат Әзімбаеваның еңбек өтілі – 30 жыл, ал тәжірибесі ұшан-теңіз. Сөзінше, қазіргі ұстаздың қоғамдағы қадірі төмендеп барады. Сондықтан, жастар бұл кәсіпке аса ұмтыла қоймайды. Осы орайда педагогтің мәртебесі туралы заң – уақытылы қолданылған шара.

Рахат Әзімбаева – Дарынды балаларға мамандандырылған ЛОРД мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

– Дәрігердің статусы, басқалардың мәртебесі деген заң жоқ қой. Ең қуантарлығы – қоғамның мұғалімнің еңбегіне назар аударғаны.

Педагогтарды түрлі мейрамдарда орталық алаңға мәжбүрлеп жіберу – қалыптасқан дәстүрге айналғалы қашан! Қандай дар бір науқан болсын қара жұмысты сол ұстаздар атқаратын. “Педагог мәртебесі туралы” жаңа заң оларды қызметіне қатысы жоқ шараларға тартуға тыйым салады, тағы басы артық есептерден де босатады. Яғни, мұғалімнің міндеті – тек бала оқыту. Газет-журналдарға еріксіз жаздыртуға да заң жол бермейді енді. Мұндай моральдық қорғаудан өзге материалдық стимул да қарастырылған заңда. Ұстаздың айлығы биыл 25 пайызға артады, ал 4 жылда 2 есеге өспек.

Гүлшат Шәймерденова – СҚО білім басқармасының бас маманы:

– Сондай-ақ, сынып жетекшілік және дәптер тексеру үшін төлем екі есеге артты, ал “магистр” дәрежесі бар мұғалімдерге қосымша 26 жарым мың теңге төленетін болады. Тағы “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” мемлекеттік наградасы тағайындалды. Бұл атаққа қол жеткізгендерге 2 млн 651 мың теңгенің сыйақысы беріледі. Ал халықаралық олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпазын тәрбиелеген ұстаздарға 3 еңбекақы мөлшерінде сыйақы беріледі.

Мұғалималарға қызметтік баспана да, үй салу үшін жер де қарастырылады. Ал олардың балаларына балабақшадан орын бірінші кезекте беріледі.

Балабақша демекші, мәртебе туралы заңның тәрбиешілерге де, мұндағы мұғалімдер мен әдіскерлерге де қатысы бар. Бұрын мектеп ұстаздарының көлеңкесінде жүретін олар енді сол ұстаздармен теңесті.

Светлана Петелина – “Айгөлек” бөбекжай-бақшасының әдіскері:

– Балаға алғашқы білім мен тәлім беретін тәрбиешілерге мемлекет бұрын мұндай назар аударған емес. Олардың еңбек демалысы 42 күнге созылатын, енді 56 күн болды, жалақылары да өсті.

Алайда, мұндай артықышылықтар педагог қауымның мойнына қосымша жауапкершілік жүктейді. Яғни, ұстаз өзінің біліктілігін ұдайы арттырып отыруға және педагогикалық этиканы қатаң сақтауға міндеттелді. Жоғарыда айтылған заң қаңтардың 1-інен күшіне енді. Оның арқасында педагог қауымның мәртебесі баяғыша асқақтап, олардың қиын қызметіне деген құрмет арта түссе игі.

Саят Ермек