Аптадағы маңызды жаңалықтар

АЕК көлемі 2651 теңгені құрады

Көпбалалы отбасыларға көрсетілетін қолдау әдеуір артты. Былтыр барлық жанұяларға бірдей 10 мың төленсе, енді ай сайын ең аз дегенде 42 мың теңгеден үлестірілмек. Қаңтар айынан өзге де жәрдемақылардың көлемі өсті. Айлық есептік көрсеткіштің артуына байланысты зейнетақыға да біршама қосылды.

Айлық есептік көрсеткіш көлемі биыл 5 пайызға артып, 2651 теңгені құрады. Бұл өсім тек айыппұлдарға ғана әсер етпейді. Сәйкесінше, күнкөріс деңгейі, зейнетақы мен жәрдемақылар да біршама көтеріледі. Бүгінде өңірімізде құрметті еңбек демалысына шыққан 104 мыңдай адам бар. Ендеше қариялардың ай сайын қолдарына алатын ақшаларына тоқталайық. Қаңтардың бірінен ынтымақты зейнетақы – 7, ал базалық 5 пайызға жоғарылады.

Людмила Щеголева – зейнеткер:

– Менің құрметті еңбек демалысына шыққаныма 10 жылдан асты. Зейнетақымыз жыл сайын өсіп тұрады. Биыл да біршама қосылды. Жұбайымыз екеуміз ырзамыз.

Соңғы өзгерістерге сәйкес, өңірдегі орташа зейнетақы 88 400-ден сәл асады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2019-дағы көрсеткіш бұдан 5200 теңгеге аз еді.

Гүлбақыт Манабаева – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

–  Мүгедектігі бойынша асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері күнкөріс минимумының өзгеруіне байланысты 5 пайызға көтерілді. Мысалы, 1-топ мүгедектігі бойынша былтыр 57 мың аса, биыл 59800 алады. 2-топ былтыр 47700 алса, биыл 45 мың алады.

Бүгінде өңірде 18 мыңнан аса адам мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақы алады. Ал асыраушысынан айырылған отбасылардың саны 5400-ді құрайды. Айлық есептік көрсеткіштің жыл сайын артуы – үйреншікті дүние. Биылғы жаңалық өзгеде. 2020-ның бірінші қаңтарынан көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақының өзгеруі. Былтыр бұл жанұялардың барлығы бірдей ай сайын 10500 теңге алатын. Ендігі үкіметтен көрсетілетін қолдау мүлдем басқа. Әрі көрсеткіш балалардың санына байланысты есептеледі.

Гүлбақыт Манабаева – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

–  Бұл жәрдемақы жанұя құрамында 4 және одан да көп кәмелет жасқа толмаған балалары бар, соның ішінде 18-ден асқан, бірақ күндізгі бөлімде оқитын 23 жастағы балалары бар отбасыларға төленеді. Мысалы, 4 балалы отбасыға – 42 мың, 5 бала болса – 53 мың, 6 бала болса – 63, 7 балаға 74 мың теңге төленеді.

Қаңтар айынан-ақ мұндай жәрдемақыға солтүстікқазақстандық 3 мыңнан аса отбасы қол жеткізе алады. Ол үшін халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарының көмегіне жүгініп, өтініш берсе болғаны.

Эльмира Садвокасова