Денсаулық сақтау

Соңғы 5 күнде жарақат бөлімшесіне 300-ден астам адам жүгінген

Соңғы 5 күн ішінде 3-ші қалалық аурухананың жарақат бөлімшесіне 300-ден астам адам жүгінген. Мамандардың айтуынша, тұрғындардың басым бөлігі тамақ әзірлеу кезінде қауіпсіздік шараларын ескермеген көрінеді. Ал өзгелері көшеде тайып құлап, аяқ-қолын зақымдап алған екен.

3-ші қалалық аурухананың жарақат бөлімшесіне қабылдауға келген жандардың қатары қалың. Олардың бірін абайсызда күйік шалса, тағы бірі тамақ істеп жатқан кезде қолын зақымдап алған. Қала тұрғыны Людмила Герасимованың жасы 72-де. Зейнеткер осыдан екі күн бұрын дүкенге бара жатқан жолда құлап қалыпты. Содан бері салмақ түссе болды қолы сыздап ауырады екен.

Людмила Герасимова – қала тұрғыны:

– Қолымның ауырғаны алғашында аса сезіле қойған жоқ. Кеш бата білегім қатты сыздай бастады. Үй шаруасын мүлдем атқара алмай қалдым. Қолымның ауыруы уақыт өте келе басылады деп жүре бердім. Кейін домбығып ісінгенде бірақ ауруханаға келдім.

Дәрігерлерге денесін байқаусызда жарақаттап алған азаматтардан бөлек мерекеде араққа сылқия тойып алып, үсік шалған жандар да жолыққан. Осындай себеппен 6 адам келген. Сондай-ақ, көлік апатына ұшырағандар да бар. Мамандар мұндай жағдайда ең алдымен науқастың рентген суретін жасап, жылдам сынған не шыққан жерін анықтайды. Одан кейін тиісті ем-дом шаралары жүргізіледі.

Мейрам Оспанов – 3-ші қалалық аурухананың жарақат бөлімшесінің дәрігері:

– Бізге тұрмыстық жарақат алған тұрғындар жиі жүгінді. Көбісі тамақ әзірлеу барысында сақтық шараларын ескермеген. Сондай-ақ, мұз айдынында сырғанап жүріп аяқ-қолын зақымдап алған жандар да бар. Олардың барлығына алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

Жалпы, 3-ші қалалық аурухананың жарақат бөлімшесіне желтоқсанның 31-мен қаңтардың 4-і аралығында 300-ден астам адам келіп түскен. Олардың 29-ы – ауыл тұрғындары.

Маржан Касымбек