ТЖ

Мереке күндері өңірде 7 өрт оқиғасы болды

Дәл Жаңа жыл қарсаңында Петропавлда төтенше жағдай орын алды. Салдарынан 3 адам қаза тапты. Көз жұмғандардың 2-еуі – бала. Жалпы, мереке күндері өңірімізде 7 бірдей өрт оқиғасы тіркеліпті. Мұны бізге облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мәлімдеді.

31-ші желтоқсан. Сағат кешкі 5-тер шамасы. Осы уақытта құтқарушыларға шұғыл хабар жетеді. Панфилов көшесінің бойында орналасқан жеке тұрғын үйлердің бірінде өрт шықты. Оқиға орнына жеткен мамандар тілсіз жауды 20 минуттың ішінде ауыздықтап үлгерген екен. Бірақ, сонда да кеш. Баспананың ішінен ана мен оның 1 және 3 жасар балаларының жансыз денелері табылған.

Игорь Балеев – СҚО ТЖД басқармасының бастығы:

– Әйел мен оның балалары бір бөлмеде бірге отырыпты. Көрші бөлмеден шыққан түтіннен олар уланып қалған. Өрт сөндірушілер жеткенше ыс тиген 91-ші жылғы келіншек пен оның 2 баласы сол жерде қаза тапқан. Ал отағасы сол күні жұмыста болған.

Мамандардың айтуынша қайғылы оқиға электр сымдарының қысқа тұйықталуынан пайда болып отыр.
Дәл осындай себеппен қалада «Митсубиши Галант» автокөлігі де өртке оранған екен. Машинаның салоны түгелдей жанып кеткен. Бұл жағдайда ешкім зардап шеккен жоқ.
Сондай-ақ, жаңажылдық түнде Петропавлда тағы бір оқыс оқиға орын алды. Алматы көшесінде бәз біреулер түнгі сағат 1-лер шамасында пиротехникалық затпен ойнамақшы болған екен. Жарылғыш дүние дұрыс пайдаланбағанның салдарынан көпқабатты үйдің балконына түсіп, сол жерде өрт шығады.

Игорь Балеев – СҚО ТЖД басқармасының бастығы:

– Өрттің кесірінен 2-ші қабаттағы үйдің ағаш терезесі мен баспана ішіндегі мүліктер жанып кетті. От 5 шаршы метр аумақты шарпыды. Қызыл жалынды сөндіру барысында өрттен 1 адам құтқарылылып, 30 адам эвакуацияланды.

Мамандардың айтуынша өрттен зардап шеккендер жоқ. Іс сотқа жөнелтілді. Қазіргі күні өртке себепші болғандар анықталып жатыр. Бүгін де таңғы сағат 5 жарым кезінде «Лана» дәмханасының ғимараты өртенді. Нысанның шатыры мен 2-ші қабаттағы қабырғалар күйді. Бүгінде қызыл жалынның шығу себебі анықталып жатыр.

Саят Ермек