Ауа райы

Қаңтар айына арналған ауа райы болжамы

Енді ауа райына кезек берсек. Қыстың екінші айы қытымыр мінез танытпақ. Қаңтардың соңғы онкүндігінде сынап бағанасы -30 градусқа дейін төмендейді.

Дана Сәлімқызы – тілші:

– Тышқан жылының алғашқы күндері солтүстікқазақстандықтардың есінде өзінің құбылмалығымен қалатын болды. Себебі, қаңтар айының басында күн жылынып, қар еріді. Кейін, ақ ұлпа түсіп, боран да соқты. Артынша аяз тұрды. Осылайша 2020-шы жылдың алғашқы 5 күні де артта қалды.

Ал қаңтар айының қалған 26 күні қандай болмақ? Негізінен, бұл айда күн ұзарып, қыс мезгіліне тән бұрқасындар мен борандар жиілейді. Ауа райын болжау орталығы мамандарының айтуы бойынша қаңтардағы орташа айлық ауа температурасы -14-17 градус болмақ.

Гүлзат Ғазизова – “Қазгидромет” РММ СҚОФ метеоболжам бөлімінің басшысы:

– Екінші онкүндікте ауа температурасы түнде -20-25, кей жерлерде -30 градус аязға, күндіз -15-20, кей жерлерде -25 аязға дейін төмендейді. Онкүндіктің соңында ауа температурасы жоғарылайды.

Қаңтардың 20-сынан кейін қыс қытымыр мінез танытпақшы. Кей жерлерде сынап бағанасы күндіз -25, түнде -30 градусқа дейін төмендеуі мүмкін екен. Бірақ, мұндай температура теріскей тұрғындары үшін үрей тудырмайды. Себебі, өңірде қыс аязды әрі созылмалы болатындығына жерлестеріміздің еті әбден үйренген.

– Көбіне қаңтар айында нағыз аязды күндер басталады. Сол уақытта суық суға бір шомылып аламын.

– Жаңа жылда ауа райы керемет болды. Солтүстік Қазақстан болғандықтан алдағы уақытта аяз болатын шығар.

Ал қаңтар айындағы жауын-шашынны көлемі норма шамасында болмақ. Дегенмен, облысымыздың кей жерлерінде мөлшерден тыс түсетін көрінеді. Енді тарих беттерін парақтасақ. Мәселен, ең аязды қаңтар 1940 жылы болған екен. Онда сынап бағанасы -44 градусқа дейін төмендепті. Ал 1948 жылдың қаңтары жылы болыпты. Ол кезде ауа температурасы +4 градусқа дейін көтерілген.

Дана Сәлімқызы