МТРА жаңалықтарыҚоғам

Тамақтан уланудың алдын алу

Жаңа жыл кешінде астың түр-түрі әзірленіп, үстел үстіне қойылады. Майлы тағамдар, құнарлы салаттар мен тәтті бәліштер. Көздің жауын алып, адамның бірден тәбетін ашатын астың дәмін татып көрмегенше тағат таппаймыз. Алайда, мамандардың сөзінше, әсіресе, мереке күндері тамақтан улану жағдайлары жиілей түседі.

“Іш ауырса ауызыңды ти” деп бекер айтпаса керек. Жаңа жылда адамдар шама-шарқына қарамай 12-ге дейін – үйінде, одан соң қонақта жүріп тамақты апыл-құпыл жеп алады. Алайда, кей кездері тұрғындардың бірі тамақты мөлшерінен көп тұтынып немесе астан уланып дәрігерлердің көмегіне жүгінеді.

Татьяна Горлова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Мерекеден кейін асқазан-ішек жүйесі бұзылып, дәрігер көмегіне жүгінетін жандар саны артады. Әсіресе, науқастардың басым бөлігі тамақтан уланып қалады. Оған тұрғындардың азық-түлікті дұрыс таңдамауы немесе бұзылған тағамды жеп қоюы себеп.

Жаңа жылды ойдағыдай қарсы алғыңыз келсе бірқатар қағидаларды ұстанған дұрыс. Ең алдымен азық-түлікті таңдау кезінде мұқияттылық таныту керек. Өнімдерді сатып алмас бұрын оның бұзылып кетпегеніне және исі жоқтығына көз жеткізіп алыңыз. Тағамды жасау кезінде де тазалық ережелерін қаперде сақтаған жөн. Тамақты дайындау алдында жеміс-жидек, көкөніс және етті тазалап жуыңыз. Өйтпеген жағдайда, түрлі зиянды микробтар қалып қоюы мүмкін.

Татьяна Горлова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

 – Жеміс-жидектің бұзылғанын бір қарағаннан байқау қиын. Сондықтан, оның сақталу мерзіміне дұрыстап зер салған дұрыс. Әсіресе, сүт өнімдері, саңырауқұлақ, балық және тауық етін сатып алмас бұрын жағымсыз иісінің жоқтығына көз жеткізіңіз. Бұл тауарлардың бұзылғанын иісіне қарай анықтау оңай.

Мамандар тамақ арқылы түскен уды шығарудың ең тиімді жолы – асқазанды шаю дейді. Ол үшін шамамаен 1,5-2 литр мөлшерінде су ішу қажет. Ескере кететін жәйт, мұндай жағдайда сүт, шай, кофе және газдалған сусындардан біраз уақытқа бас тартқан дұрыс.

Айта кеткен жөн, өткен жыл бойына 80-ге жуық солтүстікқазақстандық тамақтан уланып дәрігер көмегіне жүгінген. Олардың шамамаен 20-сы- бала. Ал 2019 жылдың басынан бері осылай науқастанып қалған 32 адам тіркеліпті.

 

Маржан Касымбек