ТЖ

“Пиротехника” жедел-алдын алу шарасы

Шартылдақ, петарда, салют, бенгал және рим шамдары. Өңір полицейлері мен құтқарушылар “Пиротехника” жедел-алдын алу шарасын өткізіп жатыр. Мамандар отшашулардың арнайы сертификаттарын тексеріп, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін еске салуда. Ал тауарды заңсыз сату бойынша 15 факті тіркеліп, әкімшілік хаттама толтырылған.

– «С новым годом» – 11 штук. Салют «Искромет» – 3 штуки.
Жаңа жыл мерекесі жарқ-жұрқ еткен отшашусыз өтпейді. Алайда, пиротехникалық дүниелерді барынша абайлықпен қолданбаса, оқыс оқиға орын алуы мүмкін. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында желтоқсанның 17-сінен бастап өңірде «Пиротехника» шарасы өткізілуде. Тәртіп сақшылары мен құтқарушылар қаладағы базарларды аралап мейрамның сәнін келтіретін өнімнің құжатын тексеріп жатыр.

Әлішер Жармағамбетов – Петропавл қалалық ПБ әкімшілік полиция бөлімінің аға инспекторы:

 – Шараның мақсаты-тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Заң бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Жедел алдын алу шарасы басталғалы бері мамандар 80-ге жуық тексеру жүргізген. Нәтижесінде пиротехникалық дүниелерді заңсыз сату бойынша 15 факті тіркеліп, әкімшілік хаттама толтырылыпты. Арнайы сертификаты жоқ 750-тан астам тауар тәркіленген.

Айта кеткен жөн, полицейлер мен құтқарушылар тексеру жұмыстарын қаңтардың 4-іне дейін жалғастырмақ.

Маржан Касымбек