Қоғам

Жаңажылдық шаршаның шығу тарихын білесіз бе?

Ерекше үлгідегі шырша! Қызылжар орман шаруашылығының өкілдері жаңажылдық жасыл желекті жаңаша әдіспен ұсынуда. Оны мерекеде қолданып, кейін үй маңына немесе орманға апарып егуге болады.

Байболат Бектемірұлы:

 – Аққала, жапалақтап жауған қар, түрлі түсті мүсіндер, жарқ-жұрқ еткен шамдар. Мұның бәрі баршамыз асыға күтетін Жаңа жыл мерекесінің көркін келтіреді. Бірақ, мейрамның басты сәні, ол – әрине, шырша. Ал осы жасыл желекті алғаш рет кімдер безендірді? Қашан безендірді? Мұны білу әрбір адамға қызық деп ойлаймын. Сол себепті, өткенге сапар жасап, анықтап көруді жөн санап отырмыз.

Анықтау үшін интернетті ақтардық. Сөйтіп, бізді қызықтырған сұрақтарға жауап таптық. Мерекелік шыршаның шығу тарихы сонау 16-шы ғасырдан бастау алады екен. 1570 жылы Германияның Бремен қаласында жұмысшылар құрылтайы өтеді. Жиында түрлі салада қызмет ететін әкелер жасыл желектің басына әр түрлі жемістерді, сыйлықтарды байлап, өз балаларына тосын сый жасайды. Көп ұзамай дәл осы қылқанжапырақты ағаш безендіріле бастайды. Тарихи деректерде немістің Эльзас, Страсбург сынды шаһарларындағы тұрғындар шыршаны үйге әкеліп, қағаз және тәтті-дәмділермен әрлегендігі жазылған. Осылайша бұл дәстүр күллі Еуропа аумағына тарайды. Кейін Америка құрлығына жетеді. Содан жайлап әлемнің бірқатар еліне жетеді.

Атаулы дата қарсаңында сауда қызады. Қазір Петропавлдың әр бұрышында қылқанжапырақты ағаштардың түр-түрі сатылып жатыр. Мейрамның басты сәнімен жақынырақ танысу үшін қаламыздағы дүкендердің біріне бас сұқтық. Мұнда керектігінің барлығы бар екен. Өзіңіздің талғамыңызға қарай хош иісті орыс шаршасын, Орал қарағайларын, тіпті даниялық самырсынды да алуға болады. Тауардың бағасы әр түрлі.

Галина Ушакова – кәсіпкерлік өкілі:

– Қаламызға тек сапалы әрі әдемі ағаштарды әкелеміз. Сондықтан болар, тұрғындар тауарымызды бірден алып кетеді. Қазір шыршаларды түріне және биіктігіне қарай әр түрлі бағамен сатып жатырмыз. Мысалы, біздің сауда нүктелерімізден 2 жарым мың теңгеге іздегеніңізді таба аласыз.

Тұрғындар сатып алуын сатып алады-ау. Бірақ, мереке өткеннен соң шыршаны лақтырып тастайды. Мұны жылда көріп жүрміз. Жанға бататыны осы. Өйткені, сұраныстағы 1,5-2 метрлік жасыл желек 7-8 жыл өседі екен. Ал біз бір күнде жайқалған ағашты кесіп, думаннан соң қажетсіз зат ретінде далаға шығарамыз. Енді оның алдын алуға болады. Қызылжар орман шаруашылығының өкілдері халыққа ерекше шырша ұсынады.

Михаил Власов – «Қызылжар орман шаруашылығы» КММ орман күзетшісінің міндетін атқарушы:

– Біз биыл алғаш рет Жаңа жыл мейрамына арнап мынандай шыршаларды әзірлеп, саудаға шығардық. Оларды тамырымен бірге қазып алып, арнайы жәшікке салдық. Жасыл желекті адамдар үйлеріне немесе мерекелік кеш өтетін орындарға осылай қоя алады. Ал мерекеден соң шыршаны қалаған жеріңізге қайта егуге болады. Ол алдағы уақытта өсіп, маңайға сән беретін болады.

Табылған ақыл! Ерекше шыршалардың бағасы да қалта қақпайды. Мысалы, 2 метрлік ағашты – 6168, ал 3 метрлікті 8168 теңгеге алуға болады. Қаз-қатар тізілген жасыл желекпен танысып, қызыға қарап тұрғанымызда жанымызға Татьяна Корчагина есімді нәзікжанды келді. Ол шаруашылық қызметкерлері әзірлеген шыршаның біреуін сатып алмақ ниетте.

Татьяна Корчагина – қала тұрғыны:

– Өзім жеке тұрғын үй секторында тұрамын. Сондықтан, шаруашылық өкілдері әзірлеген шыршаның біреуін сатып алғым келеді. Оны мерекеден соң немесе көктемге қарай үйдің маңына қайта егеміз. Өзіме жасыл желектің дәл осы түрі ұнайды. Алыстан көз тартып, маңайды құлпыртады. Иісі де тамаша.

Жасанды шыршаны да сатып алуға болады. Оның хош иісі болмаса да айналаға табиғи жасыл желек сынды сән береді. Бір қызығы, мұндай дүниені 18-ші ғасырдың соңында германиялықтар ойлап тауыпты. Олар мереке қарсаңында орманның жаппай оталмауын ойлаған екен.

 

 

 

Култанов Байболат