МТРА жаңалықтарыҚоғам

2020-да қандай көйлектер сәнде болады?

Жаңажылдық кеште арулардың бірі жақындарына не сыйлаймын деп бас қатырса, тағы бірі қандай көйлек киерін ойлап әлек.

Әр бикештің Жаңа жыл мерекесіне ұзақ уақыт дайындалатыны айтпаса да түсінікті. Әсіресе, көйлек таңдарда үлкен мәселе туындап жатады. Нәзікжандылар киімнің түсі мен ұзындығын нақтылай алмай дал болады. Осы орайда арулардың бір тобы астрологтардың пікіріне жүгінсе, енді бірі дизайнерлердің кеңесін тыңдайды.

Наталья Савченко, дизайнер:

– Астрологтар 2020 жылы классикалық, ұстамды әрі көзге түсе қоймайтын түстер сәнде деген пікірде. Ал біз – дизайнерлер мүлдем басқа ойдаймыз. Тышқан жылы ашық, жылтыр түсті киімдер мен барқыт сынды бағалы маталар сәнде екенін атап өткіміз келеді.

Дизайнер Наталья Савченко өзінің кешкі көйлегін тігерде екі тараптың да пікірін ұстанған екен. Ару қарапайым ақ түсті матаның үстінен қара шілтерді қосып, тағы жылтырақтармен безендірген. Маманның сөзінше енді киім көздің жауын алып, өзіне еріксіз назар аудартады. Ал мына қара көйлек болса, бір қарағанда өте қарапайым болып көрінеді. Дегенмен, сәнқойлар арасында жоғары сұранысқа ие. Себебі, киімнің үлгісі арудың дене бітімін айшықтай түседі.

Наталья Савченко, дизайнер:

– Негізі, мен әр өнімде белгілі бір элементке көңіл бөлемін. Ол көйлектің реңін ашып, өзгелерден ерекшелендіріп тұрады. Осылай әр әйелдің өзіне тән сұлулығын көрсеткім келеді.

Қандай түс сәнде екенін анықтаған сияқтымыз. Ал көйлектің ұзындығы мен киімнің үлгісі қандай болғаны жөн? Сән салонының директоры Адалина Бондаренко ұзын көйлектерге биыл сұраныс жоғалған жоқ, ал жаңа топтамаға қысқа киімдер қосылған дейді.

Адалина Бондаренко, үйлену және кешкі сән салонының директоры:

– Өткен жылмен салыстырғанда биылғы трендтер сол қалпы қалды. Тек арқасы және иық жағы ашық көйлектер қосылды. Бүгіннің өзінде аталған киімдерге сұраныс жоғары. Ал қауырсынды көйлекті осы жылы тұрғындар түсіне қоймаған еді. Негізі, ол бірнеше маусым қатарынан сәнде. Өңірде оған қызығушылық енді артып келеді.

Келер жылдың сән үлгісі осындай. Мұны ескерген әр нәзікжандының Жаңа жылда құлпырып жүрері сөзсіз.

 

 

Актолкын Солтанханкызы