Қоғам

12 айға арналған астролог болжамы

Жаңа жылға дейін бір күн ғана қалды. Арман-мақсаттарды тізбектеп жазу үшін таптырмас уақыт. Алайда, жоспар құрғанда астрологтардың болжамына құлақ түріңіздер. Ғарыш әлеміндегі планеталардың жылжуына байланысты мамандардың өз айтары бар.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Сиқырға толы мерекеде әрбір адам қиялына ерік беріп, армандайды. 12 айға мақсат-жоспарын құрады. Бірақ, жұртшылықтың басым бөлігі тақымдарын қысып отыр. Себебі, 2020 – кібісе жыл. Қоғамда дәл осы 366 күнде абай болу керек деген наным бар. Соңғы толық жылды, яғни 2016-ны еске алайық…Мешін жылында өңіріміздің алған асуы мен бағындырған белестері аз болмады. Жергілікті диқандар 5 млн 678 мың тонна астықты қамбаға құйып, Тайынша май зауыты іске қосылды. Тағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандар халық игілігіне тапсырылды.

Алайда, 12 ай тек қуанышты сәттерге толы болды деп айтуға келмес. 2016-да елімізде де, аймақта да төтенше жағдайлар жиі орын алыпты. Бұл – кездейсоқ дүние ме әлде кібісе жылдың әсері ме? Жадыра Қоспаева үшін олардың айырмашылығы жоқ. Керісінше, нәзікжанды кібісе жылының әрқайсысы оның есінде ерекше оқиғалармен сақталғанын айтады.

Жадыра Қоспаева – қала тұрғыны:

– 2004 жылы мен мектеп түлегі атанып, мемлекеттік грантты иелендім. 2008 жылы Қожаберген жырау атындағы №6 мектепке жұмысқа тұрдым. 2012-де мезгілінен бұрын санатымды жоғарылаттым, 2016-да осы білім ошағының оқу ісі меңгерушісі қызметіне ауыстым.

Бір сөзбен айтқанда қала тұрғынының кібісе жылдарына өкпесі жоқ. 12 айға да Жадыра Қоспаеваның құрған жоспары көп. Ол дұрыс-ақ. 2020 – алда болатын істерді жобалап, соған сәйкес әрекет жасаудың жылы. Ал белгілі бір шаруаға өзінің әсерін тигізетін шешімдерді кенеттен қабылдамаған жөн. Жеті рет өлшеп, бір рет кес – қысқасы.

Татьяна Калиновская – астролог:

– Түбегейлі өзгерістерден аулақ болу жеке өмірге де қатысты. Шаңырақ көтеремін деген жандарға азаматтардың хал актілерін жазу бөліміне асықпаған дұрыс. Бұны 2021-ге дейін қалдырса, тіпті жақсы болады. Егер отау құруды кейінге шегере алмасаңыздар, онда Айға мән беру қажет. Оның толық болғаны абзал. Айдың орналасуы кібісе жылының теріс әсерінен қорғауға септеседі.

Жұмыс орнын өзгертуге ниетті жандар үшін де күте тұру қажет дейді астролог.

Татьяна Калиновская – астролог:

– Себебі, жаңа қызмет орнын табуда қиналуы мүмкін. Бұл бірнеше айға созылуы да ғажап емес. Ұсыныс түскеннің өзінде ұжымға сіңісуі мен шаруаны бірден алып кетуінде кедергіге кезігуі ықтимал. Тағы баршаға ақшаға ұқыпты қарау қажеттігін айтқым келеді. Қаржыны оңды-солды шашпаған абзал.

Астрологтың айтқанын естіп, үйде қамалуға болмайды, әрине. 2020 көптеген бастамалардың сәтті іске асуына септігін тигізеді. Сүйікті іспен айналысып, шет тілдерді меңгеремін дегендер үшін де сәттілік! Тағы спортпен шұғылдануды әдетке айналдырып, салауатты өмір салтына көшуге осы 12 ай қолайлы болады. Жаңа жылға құрған жоспарларыңыз, қиялдағы армандарыңыз орындалып, айналаңыз қиял-ғажайыпқа бөленсе десеңіз теледидарға жақынырақ отырыңыздар.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Жаңа жылдың қарсаңында, дәлірек айтқанда желтоқсанның 31-і шырша ағашынан өзіңіздің жасыңызға сәйкес инелерді алыңыз. Яғни, мен 21-демін. Қолымдағы инелердің саны да сонша. Тағы арманыңыздың орындалуы үшін мынадай жасыл матадан жасалған қалта қажет. Материалдың табиғи болғаны абзал. Әрбір инені алып, кемінде 30 секунд бойы өз арманыңызды айту керек. Кейін осы қоржынға салыңыз.

Егер арманыңыз ауқымды болса, онда инелердің барлығынан дәл сол мақсаттың орындалуын тілеу керек. Бастысы – тек өзіңізге қатысты дүниелерді ойлаңыз.

Татьяна Калиновская – астролог:

– Бұл қалтаны келесі жылдың 31-ші желтоқсанына дейін сақтаңыз. Тура бір жыл өткеннен кейін қоржыннан инелерді алып шығу қажет. Араларында қарайғандары мақсатқа жетпегенді көрсетеді. Не болмаса оның әлі уақыты келген жоқ. Бұл инелерді топыраққа көму қажет. Ал сол күйі, жап-жасыл қалғандары – армандардың орындалғанын білдіреді. Оны бір ыдысқа салып, үстінен су құю керек. Кейін оған қолыңызды малып, жерге төгіңіз.

Отбасыға – бақ пен береке, елімізге – тұрақтылық пен тыныштық. Бұл – менің тілектерім. Жаңа жылда армандардың орындалатынын ұмытпайық, ағайын.

 

Эльмира Садвокасова