Денсаулық сақтау

Облыстық аурухана тоқ ішек обырын ерте анықтайтын аппаратпен толықты

Елімізде тоқ ішек обырына шалдыққандардың саны артуда, біздің өлкеде де ахуал мәз емес. Сондықтан, облыстық аурухана қатерлі ісікті ертеден анықтауға ден қойып отыр. Мекеме 2 апта бұрын виртуалдық колоноскопия аппаратын сатып алған. Оның көмегімен ішектің әр миллиметрін зерттеп, ісікті бастапқы кезеңінде байқауға болады. Жаңа құрылғы скринингтік қарауларда қолданылмақ.

Тоқ ішек обыры – қатерлі ісіктің аса қауіпті түрі. Көбіне жасы 40-тан асқандар шалдығатын дерттен өлім-жітім артпаса, кеміп жатқан жоқ. Ерте диагностика – ісікті ерте анықтап, уақытылы ем-дом жүргізудің оңтайлы жолы.

Иван Лейман – облыстық аурухананың дәрігер-рентгенологы:

– Қазір біз тоқ ішек қуысын қарап жатырмыз. Ішектің қабырғасынан мынадай шағын ісікті байқауға болады. Оның диаметрі – 6 мм. Бұл ісік “полип” деп аталады. Өсе келе ерте ме, кеш пе ол обырға айналады.

Рентгенолог компьютер мониторы арқылы тоқ әшектің әр миллиметрін көріп, зерттей алады. Мұның бәрі – жаңа виртуалдық колоноскопия құрылғысының арқасы. Аппараттың өзі – міне. Облыстық аурухана оны 2 апта бұрын 11 жарым миллионға алған. Ақхалаттының жұмысы – тетіктерді басу, монитордан жағдайды бақылау. Өзгесін құрылғының өзі атқарады.

Иван Лейман – облыстық аурухананың дәрігер-рентгенологы:

– Ол тоқ ішек қуысын көмір қышқыл газына толтырып, компьютерлік-томографиялық скопия жасайды. Нәтижесінде, біз ішектің 3Д моделін аламыз.

Бұл модельдің дәлдігі сондай, қандай патология бар, ісік бар ма, жоқ па, оның көлемі қандай – бәрін көруге болады. Қысқасы, скрининг үшін таптырмас аппарат дейді рентгенолог Иван Лейман. Қазір солтүстікқазақстандық дәрігерлер тоқ ішек обырын дәстүрлі “рентгендік ирригоскопия” процедурасы арқылы анықтайды. Бұл – әрине, тиімді методика, алайда кемшіліктері де жоқ емес.

Иван Лейман – облыстық аурухананың дәрігер-рентгенологы:

– “Рентгендік ирригоскопия” кезінде тік ішекке Барри сұйықтығы жіберіледі. Салдарынан адам қатты ауырсынуды сезінеді, кей жағдайда, тіпті, анастезияның көмегіне жүгінуге тура келеді. Ал нәтижесінде ағзаның тек 2Д моделін ғана аламыз. Ал жаңа аппарат беретін сурет дәлірек және одан ауырсыну сезімі болмайды.

Виртуалдық колоноскопия аппараты еліміздің екі ірі қаласы – елорда мен Алматыда ғана бар. Яғни, Петропавл – бұл құрылғыны алған үшінші шаһар. Бірақ, ол тек жаңа жылдан бастап қана қолданылатын болады. Қазір облыстық аурухананың екі дәрігері аппаратпен жұмыс істеуді үйреніп жатыр. Аурухана басшылығының сөзінше, қаңтардың 1-і ендірілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында науқастар бұл процедурадан тегін өте алатын болады.

 

 

Саят Ермек