ҚоғамБизнес және экономика

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау

Жыл басынан бері өңірлік кәсіпкерлер палатасына іскер жандардан 800-ден аса өтініш түскен. Олардың 90-ға жуығы өз құқықтарын қорғау жайында жүгініпті. Кәсіпкерлер палатасының соттармен бірлесіп өткізген жұмыстарының нәтижесінде мәселелердің 73 пайызы оң шешімін тапты. Бұл жайында жергілікті коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында сөз болды.

Солтүстік Қазақстан Ресеймен шекаралас орналасқан. Сондықтан, көрші елмен алыс-берісіміз көп. Осы сауда-саттық кезінде түрлі мәселелер туындап жататындығы шындық. Мысалы, жыл басында жергілікті серіктестіктің басшылығы облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгініпті. Олар мұндағы мамандарға өздерінің болат құбырларын «Жаңажол» өткізу пунктінің шекара жасағы Ресейге жібермей қойғанын айтқан екен.

Инесса Қуанова – СҚО кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің төрайымы:

– Кәсіпкердің өткізбекші болған құбырлары бұрын қолданыста болған. Бірақ, тауар іске жарамды. Ал «Жаңажол» өткізу пунктінің шекара жасағы оны тозған деп танып, әрмен қарай өткізбеген. Осы орайда мынаны ескеру қажет: шекара қызметінің мамандарына бұлай тыйым салуға нормативтік-құқықтық акті негізінде рұқсат жоқ. Яғни, шекарашылар тарапынан қателік кеткен.

Осы мәселені біржақты ету үшін облыстық кәсіпкерлер палатасының мамандары шекара қызметінің өкілдерімен отырыс ұйымдастырыпты. Жиналыста қос тарап бір шешімге келген. Яғни, жергілікті кәсіпорын шығаратын құбырлар Ресейге алдағы уақытта өткізілетін болыпты. Бұл талқыланған жалғыз проблема емес. Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев солтүстікқазақстандық зергерлермен де кездесу болғанын айтады. Жүздесуде сәндік бұйымдарды жасаушы жандар көкейлерінде жүрген сауалды жеткізіпті. Қазір кез келген тұрғын әшекейді сатып алса, оны біраз уақыттан соң сатушыға қайтара алады. Бұл, әрине, қарапайым тұрғындар үшін жақсы. Дегенмен, мұндай мүмкіндікті алаяқтар қолданып жүрген көрінеді. Олар тауарды жасандыға алмастырып, тапсырады екен.

Жеңіс Қазиев – СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Гауһартастарды жасандымен алмастыру оңай әрі қайтарып берген дүниенің түпнұсқа немесе жасанды екенін білу қиын. Тіпті, тәжірибелі мамандардың өздері анықтай алмай жатады. Ол үшін экспертиза жасау керек. Ал сараптама жүргізу біраз қаржыны талап етеді. Сонымен қатар, өңірімізде тексеріс жасайтын арнайы зертхана жоқ.

Қазіргі күні бұл сұрақ бақылауға алыныпты. Және республикалық проблемалар тізіліміне енгізілген екен. Облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері келесі жылы мәселе оң шешімін тауып қалады деген ойда.

Бердимурат Баймухан