МТРА жаңалықтарыҚоғам

Ikomek 109 бірыңғай байланыс орталығы жұмысын бастады

Жолды жөндеу, көшені қардан тазалау мен ауладан қоқысты шығару! Осы және өзге де проблемалар петропавлдықтарды жиі толғандырады. Енді өзекті мәселелерді қалалық әкімдікке немесе жауапты органдарға хабарлау үшін уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. Облыс орталығында Ikomek деп аталатын орталық жұмысын бастады. Коммуналдық мекемелердің байланыс қызметтері бір жерге тоғыстырылып отыр. Мамандар тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн шағымдарды қарастырып, шаруаның атқарылуын қадағалайтын болады.

Шұғыл мәселелер бойынша сұрақтармен қайда хабарласу қажеттігін қала тұрғындары жақсы біледі. Ал егер қоқыс шығарылмай, жарық сөніп қалса ше? Бірден телефонға жүгіріп, тиісті органдардың байланыс нөмірін іздейміз ғой. Енді оны ұмытуға да болады. Құлақтарында – наушник, алдарында – компьютер. 109 байланыс нөмірінің операторлары тұрғындардың кез келген өтінішін қабылдауға даяр.

Марғұлан Әлқуатұлы – «Nur-lite soft» ЖШС даму бойынша директоры, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Шұғыл емес сұрақтардан басқа сұрақтарды қарастыратын байланыс орталығы. Мәселен, үйде су болмаса, мемлекеттік қызметті қайдан алу керектігін білмесеңіз мамандардың көмегімен жүгінесіз. Өтінішіңіз тіркеледі. Мәселе шешілгеннен кейін оператор сізге хабарласады.

Ikomek орталығының жұмысымен облыс әкімі Құмар Ақсақалов танысты. Әзірге, жүйе толыққанды іске қосылмаған. Алайда, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Тараз бен өскемендік тәжірибе көрсеткендей 109 қызметінің пайдасы зор. Тұрғындардан түскен әрбір арыз-шағыммен жергілікті атқарушы билік өкілдері таныса алады. Петропавлдағы мәселелердің қаншалықты тез шешіліп жатқанын, тіпті Президент әкімшілігі қадағаламақ. Яғни, қалалықтардың жеткізген базыналары жауапсыз қалмайды. Егер шаруаның орындалуы созылып жатса, оған себеп болған жайттар да көрсетілмек. Шаһар басшысы Болат Жұмабековтың сөзінше орталық жылдық бюджетті жоспарлауға да септігін тигізеді.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Халықтардан түскен ұсыныстардың барлығын белгілейміз. Тоқсан сайын қаражатты талап ететін өтініштерді тіркеп, бюджетті жоспарлағанда бұның барлығы ескерілмек.

200-ден аса шаһарлық диспетчерлік қызметтерді бір жерге тоғыстырып, жүйелі жұмысты қамтамасыз еткеннен кейін мердігерлер мен монополистердің ісі қадағалауға алынады. Мәселен, 2018 жылы біздің арна тілшілері 3 бірдей бейнематериал әзірлеген Ыбырай Алтынсарин көшесін еске алайық. “Петропавл жылу желілері” құбырды ауыстырып, кейін жолды қайтадан қалпына келтірмей іздерін суытқан еді. Мұндай компания өкілдерінің жауапсыздығы енді қайталанбайды дейді Болат Жұмабеков.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

 – Электрондық картаға әрбір ордердің мерзімі белгіленеді. Осылайша оны бақылауда ұстау мүмкіндігі туады.

Картада тағы әрбір аула, спорт алаңқайлары туралы ақпарат пен көшелердің тазартылуы сынды мағлұматтар көрсетілмек. Әзірге, орталыққа тек үй телефоны арқылы хабарласуға мүмкіндік бар. Қаңтар айынан байланысқа смартфон көмегімен шығуға болады. Әрі күнделікті қолданыстағы WhatsApp, Telegram сынды мессенджерлермен де арыз-шағымдарды жеткізу қарастырылмақ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бірінші желіде 6 оператор бар. Олар тұрғындардан келіп түскен өтініштерді жинаумен айналысады. 2-ші желідегі 4 оператор құзырлы органдарға хабар беріп, жұмыстың атқарылуын қадағаламақ.

Жалпы, орталықтың жұмысына дайындық 2019-дың тамызынан бері жүргізіліпті. Картаға білім, денсаулық сақтау, бизнес, құрылыс сынды барлық салалар бойынша ақпарат енгізілген. Жобаның құны 61 млн теңгені құрайды.

 

Эльмира Садвокасова