МТРА жаңалықтарыДенсаулық сақтауБалалар

Салдары адам шошытарлық никотин қоспасы

Ата-аналар қауымы байбалам салып, дабыл қағуда. Елімізде еркін сатылымда “снюс” деген никотиннің жаңа қоспасы пайда болды. Қазір ол жіті зерттелуде. Салдары адам шошытарлық дүниені елге кіргізуге, сатуға, қолдануға қатысты заңнамаға өзгерістер әлі қабылданбаған. Өзгерістер заңнамаға енгізіле ме? Оны зертхана нәтижелері көрсетеді. Бұл ретте біздің арна тілшілері психотропты заттың ағзаға тигізетін кесірін анықтап көруге тырысты.

Әлеуметтік желілерде санаулы сағаттың ішінде тарап, күллі интернетті шулатқан видео Ресей қалаларының бірінде түсіріліпті. Балғынның анасының сөзінше, баласы никотин қоспасының “снюс” деп аталатын жаңа түрінің салдарынан осындай күйге түскен. Зиянды өнімнің біздің мемлекетке жеткеніне де бірнеше ай болды. Тауар – еркін сатылымда. Интернет былай тұрсын, оны тіпті қарапайым дүкендер мен павильондардан табуға болады. Саудагерлер келушілерге өнімді зияндылығы төмен зат деп ұсынады екен. Ол шындыққа жанасса, Башқұртстандағы жағдайды қалай түсіндіруге болады? Видеода баласын сабаққа жіберіп, мектептен оны ес-түссіз күйінде алып кеткен ата-ана. Бұл да – құрамында никотиннің мөлшері жоғары заттың кесірі.

Сорақысы – жеткіншектер мен жасөспірімдер бас алмайтын әлеуметтік желілерде  блогерлердің бірқатары зиянды затты қолдануға кеңес береді. Тіпті, өздері татып көріп, видеоға да түсіреді. Ата-аналар қауымының байбалам салып жатқаны да сондықтан.

Елена Примакова – облыстық наркологиялық орталығының бөлімше меңгерушісі:

– Шылымның құрамында 1 мг никотин бар. Оның ағзаға келтіретін зиянын барлығымыз білеміз. Ал снюстің құрамындағы улы заттың мөлшері 50-60 мг-ға дейін жетеді. Дене салмағының әр келісіне шаққанда 1 мг никотиннің өлімге әкеп соқтыратындай қаупі бар.

Ерін, тіл, өңеш пен өкпе обыры және ми тамырларының өлуі. Бұл темекі зиянының тек бір бөлігі ғана. Ал снюсті қолданған адамның ағзасында не болады деп ойланып көрелік. Себебі, зиянды затты пайдаланған адам 3 қорап, яғни 60 шылымды бір мезетте шеккендей болады. Яғни, салмағы 30-40 келі болатын балғынға әсері айтпаса да түсінікті. Снюсті пайдаланатын ересектерді де мұндай жаман әдет көпке апармайды. Сондықтан, еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин зиянды тауарды қолдануға, сатуға және елге кіргізуге тыйым қойды. Әзірге, уақытша.

Жандарбек Бекшин – ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы:

– Абырой болғанда, Қазақстанда өліммен аяқталған фактілер болған жоқ. Болмайды да. Егер біз кешенді шараларды жүргізуді қазірден бастамасақ, зиянды зат барша елге тарап кетуі мүмкін. Біздің оқушылардың ата-аналары төніп тұрған жаңа қауіп туралы білуі тиіс.

Қазір бұл зат жіті назарға алынып, зерттеуден өтіп жатыр. Бірақ, бұл ретте бір гәп бар. Заңнамаға ешбір өзгеріс енбегендіктен, тәртіп сақшыларының қолдары байлаулы.

Галина Жолумбетова, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:

– Полиция қызметкерлері білім ошақтарына барып, оқушыларға түсіндіру шараларын жүргізеді. Кездесуде тәртіп сақшылары есірткі заттары мен насыбай, снюс және электронды темекінің зияны туралы айтады.

Есірткі құралдарының заңсыз айналымында спайстың пайда болғаны естеріңізде ме? Ол уақытта да синтетикалық дүниені сатуға, қолдануға бірден тыйым салынбаған еді. Салдары – міне. Ересектерді есепке алмағанның өзінде, жыл басынан психотропты заттарға әуестеніп, облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөлімінде 10 жасөспірім жатқан. Барлығы – спайсты мөлшерінен көп қолданғандар. Араларында емдеу мекемесіне 12 айдың ішінде бір емес, бірнеше рет келетіндері де бар.

Нұрлан Жақыпов – облыстық көпбейінді балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

– Спайспен улану жағдайлары көбінесе көктем мен жаз кездерінде жиі кездеседі. Соңғы факті қыркүйек айында орын алды. Психотропты затқа әсіресе 15 пен 18 жас аралығындағы балалар әуес. Ауруханаға әкелгенде жасөспірімдер ақылға қонымсыз дүниелерді жасайды, ешкіммен сөйлеспейді. Ол қашқысы, жүгіргісі келіп тұрады. Мұндай науқастарды емдеу өте қиын.

Әзірге, адам шошытарлық фактілердің қатарында никотин қоспасынан улану жағдайлары біздің өңірде тіркелмеген. Заңнамаға снюске қатысты өзгеріс енгенше дейін саудагерлер бұл зиянды заттың сатылымын емін-еркін жалғастыра бермек. Бастысы – оған дейін жаман әдетке әуестенгендердің қатары көбеймесе болғаны. Әйтпесе, бұның арты неге әкеп соқтыратыны белгілі…

Эльмира Сәдуақасова