Әр түрлі

СҚО-да көне мәйіт пен жәдігерлер табылды

Тайынша ауданына қарасты Донецкое ауылының маңында көне мәйіт табылды. Оны қыркүйек айында кішкентай балақай байқап қалған. Жергілікті ғалымдардың бірі бұл ортағасырлық әйел адамның сүйектері деп болжап отыр. Қазбалардың нәтижесінде моладан тағы күміс айна, ағаш тарақ, қайшының сабы мен өзге де заттар табылған. Жәдігерлер Алтын Орда дәуіріне тиесілі деген де пайым бар.

Құм мен балшық өндірілетін Донецкое ауылының маңында алып карьерлер пайда болған. Адамның бас сүйегін дәл сол карьер жанында ойнап жүрген жергілікті балықшының баласы байқайды. Оқиғадан хабардар болған полицейлер бірден қылмыстық іс қозғайды, тәртіп солай. Кім білсін, мұның артында адам өлтіру фактісі жатқан шығар. Бірақ, сүйектердің тым көне екенін байқаған тәртіп сақшылары кейін археолог Анатолий Плешаковқа хабарласқан.

Мұндай олжа кез келген тарихшының қызығушылығын тудырмай қоймайтыны рас. Археолог табылған дүниелерді жергілікті университетке алып келген, өздігінше зерттеген.

Саят Ермек – тілші:

– Археологиялық олжа – мына қорапта. Ол полиэтилен пакетке салынып, бекітілген, оны ашуға болмайды. Тарихшы Анатолий Плешаковтың пайымдауынша қаңқа 14-16 ғасырларға тиесілі. Тағы бір болжам – бұл бойы аласа, орта жастағы, монғолоид нәсілді әйел адамның сүйектері.

Мұндай болжамдарды Плешаков мырза көпжылдық тәжірибесіне сүйеніп жасап отыр. Сөзінше, орта ғасырлық әйел адам осыдан 600-700 жыл бұрын жерленсе керек, бірақ ғалымның қателесуі де ғажап емес. Қаңқа табылған мекенде қазба да жүргізіпті. Моладан мүрдеден бөлек, қайшының сабы, ағаш тарақ, теріден жасалған қапшықтың қалдықтары табылған. Сол тарақ пен қапшықтың қалайша шіріп кетпей, сақталып қалғаны – құпия. Тағы таң қалдырары сол – тері қапшық ішінде мына күміс айна жатса керек.

Анатолий Плешаков – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жанындағы археология оқу-ғылыми орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты:

– Ол біздің қызығушылығымызды тудырды. Тазалай келе, оның артқы жағында балықтар шоқжұлдызының бейнеленгенін байқадық. Мұндай айналардың темір дәуірінің соңына қарай жасала бастағаны тарихтан белгілі. Сондықтан, бұйымның орта ғасырларда әзірленуі әбден мүмкін.

Ең қызығы, ұқсас айна бұған дейін Қостанай облысында да табылған. Осыған сүйеніп, оның Алтын орда кезеңіне тиесілі екенін айтуға болады дейді Плешаков мырза. Бірақ, бұл да – археологтың болжамы.

Анатолий Плешаков – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жанындағы археология оқу-ғылыми орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты:

– Менің пайымдауымша, жерленген әйел жергілікті сұлулардың бірі не ортағасырлық шаштараз болған. Мұны табылған жәдігерлерге қарап болжап отырмын. Бірақ, бұл – Алтын орда заманындағы әйел азаматтың стандартты жиынтығы да болуы мүмкін. Анықтау үшін терең зерттеу керек.

Қаңқа мен жәдіргерлердің нақты қай дәуірге жататынын, жерленген адамның нақты жынысы мен жасын анықтауда ресейлік ғалымдар көмектеспек. Табылған дүниелерді Челябідегі зертханаға апару жоспарда. Ал бәрі белгілі болған соң жәдігерлер облыстық өлкетану музейіне экспонат ретінде тапсырылады. Негізі, бұл биыл табылған өлкедегі ортағасырлық жалғыз археологиялық олжа емес. Қыркүйекте ғалымдар Уәлиханов ауданында алтынордалық моланы қазып алған еді. Ең қызығы, келер жылы Қазақстан Алтын орданың 750 жылдығын атап өтпекші. Осы дәуірге жататын жәдігерлер мен нысандардың дәл мерейтой алдында анықталуы таң қалдырмай қоймайды, әрине.

Саят Ермек