МТРА жаңалықтарыАуыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштер қорытындыланды

Ел Президенті өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз деген болатын. Қазіргі күні бұл салаға ерекше көңіл бөлініп, ауқымды шаруа атқарылып жатыр. Осы орайда аққайыңдар өлкесінде де біраз жұмыс тындырылды. Айталық, өлкемізге тартылған инвестиция көлемі артты, машина-трактор паркі әжептеуір жаңартылды.

Солтүстік Қазақстан – аграрлы өлке. Ауасы таза, топырағы құнарлы, шөбі шүйгін мекенде егін де өседі, мал басы да көбейеді. Биыл жергілікті ауыл шаруашылығы саласы өкілдері толағай табысқа қол жеткізді. Мамандар жыл басынан бері 627 млрд теңгенің тауарын өндіріпті. Өсім 100,8 пайызды құрап отыр. Аймаққа тартылған инвестиция көлемі де қомақты.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Биыл өңірімізге 93,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл былтырғы көрсеткіштен 30,2 пайызға көп. Минералды тыңайтқыштарды қолдану бойынша облысымыз республикада бірінші орынға тұрақтады. Биыл 2,7 млн гектарға 120 мың тонна препарат сепкен болатынбыз. Осының арқасында қамбаларымыз астыққа толды. Биыл бастырылған дақылдардың жалпы көлемі 5 млн тоннадан асты.

Жалпы, биыл аққайыңдар өлкесіндегі 4,2 млн гектарға дән себілді. Осынша жердің 25 пайызында майлы дақылдар өсірілді. Алдағы уақытта тиімділігі жоғары өнімдердің аумағы ұлғаяды. Мәселен, үстіміздегі жылы алғаш рет қолға алынған сояға тиесілі жер бірнеше есеге артпақ. Машина-трактор паркін жаңарту бағытында да бірталай шаруа атқарылды. Осы маусымда жерлестеріміз 1800-ге тарта жаңа техника сатып алыпты. Жұмсалған қаржы 37 млрд теңгені құрайды.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Машина-трактор паркін жаңғырту үшін әлемге әйгілі “CLAAS” компаниясымен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жобаның біздерге берері мол. Іс сәтті жүргізілетін болса өңірімізге 3,4 млрд теңге инвестиция тартылады. 80 жаңа жұмыс орны пайда болады. Ең бастысы, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту деңгейі 2 есеге артады.

Енді мал шаруашылығына тоқталайық. Биыл өңірімізде ет өндірісі – 3,4, ал сүт өндірісі 1,8 пайызға артқан. Жаңа нысандар да қолданысқа беріліп жатыр. Мысалы, биыл облыс әкімінің тапсырмасына сай 1600 басқа шақталған 3 бірдей сүт-тауарлық кешен ашылды. Келесі жылы дәл осындай 10 ғимараттың құрылысы басталмақ. Бұл жерде шаруа автоматты түрде басқарылады.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Еңбек өнімділігін арттырып, шығындарды қысқарту мақсатында саланы цифрландыру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Бүгінде өлкеміздегі 118 кәсіпорында сандық технологиялар қолданылады. Осы орайда биыл өңірімізде “AgroLab” атты агрохимиялық зертхананың ашылғандығын айта кетейік. Мұнда топыраққа жіті зерттеу жасалып, алқапқа қандай элементтердің қажет екендігі анықталады.

Пайдаланылмай жатқан аумақтар мемлекет меншігіне қайтарылады. Соңғы 4 жылдың ішінде өлкеміздегі 670 гектар жер үкіметке өтіпті. Қазір 480 гектар бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр екен. Сөз соңында Марат Тасмағанбетов облысқа бөлінген субсидия көлеміне де тоқталды. Биыл өңірге ел қазынасынан 41 млрд теңге бөлініпті. Келесі жылы бағытталатын қаржы 43 млрд-ты құрамақ. Бірақ, бұл көрсеткіш әлі де өсуі мүмкін екен.

Байболат  Култанов