МТРА жаңалықтарыҚоғам

Мамлют ауданында баспана кезегі жылжымай тұр

Мамлют ауданында 180 адам баспана кезегінде тұр, алайда ол жылжитын емес. Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында брифинг өткізген аудан әкімі Руслан Аңбаев мәселе келер жылы шешіледі деп сендірді. Ол – журналистермен жүздесіп, жылдық жұмысын баян еткен 11-ші әкім.

Мамлют – аумағы бойынша өлкедегі ең кішкентай аудандардың бірі. Десе де өңір экономикасындағы алар орны оның орасан. Жаз құрғақ, күз жаңбырлы болса да аудан диқандары биыл жақсы өнім алып отыр. Мал мен құс шаруашылығында да өсім бар дейді әкім Руслан Аңбаев.

Руслан Аңбаев – Мамлют ауданының әкімі:

– Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, шаруа қожалықтары мен фермаларымыз 11 ай ішінде 24 жарым мың тоннадай сүт, 4 мың тоннадай ет пен 10 мың данадан астам жұмырқа өндірді.

Оң динамика тұрғындардың айлық табысына да оң әсер етуі тиіс қой. Аудандағы орташа жалақы қанша, өсім бар ма? Білмей ме әлде ұмытып қалды ма, ұзақ ойлана Руслан Аңбаев қарапайым сұраққа жауап бере алмады.

Руслан Аңбаев – Мамлют ауданының әкімі:

– Қазір айтуға қиналамын мен сұрағыңызға, кейінірек беремін.

Брифингіден кейін білдік, аудандағы орташа еңбекақы 112 мың теңге екен. Бұл ең жоғарғы да, ең төменгі де көрсеткіш емес, Мамлют – тізімнің бел ортасында. Тағы баяндамасында аудан әкімі 11 ай ішінде 3900-дей шаршы метр баспана қолданысқа берілді, бұл былтырғымен салыстырғанда 40 пайызға көп деп мақтанды. Алайда, әлі 180 тұрғын / үй кезегінде тұр және бұл кезек жылжитын емес. Неге?

Руслан Аңбаев – Мамлют ауданының әкімі:

 – Жаладамалы баспана бізде қазір жоқ. Ендігі жылы 18 пәтерлі біз 2 екіқабатты үйді жөндейміз. Сол үйлерді біз кезекте тұрғандарға береміз.

Байқағанымыз, Аңбаев мырза ұлтаралық қатынас тілінде жүгіре сөйлейді, ал қазақ тілін жақсы түсінсе де, ойын жеткізерде сәл қиналады. Осындайда ойға келетіні – кей аудан атқамінерлері мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін көтерсе, нұр үстіне нұр болар еді. Жә, Мамлюттегі ахуалға қайта оралайық. Мұндағы проблемалар өзге аудандардағы түйткілдерге ұқсас – сол баяғы жол мен су. Жолдардың биыл 16 шақырымы жөндеу көрсе, келер жылы тағы 57 километрі қалыпқа келтірілмек. Ал орталықтандырылған су жүйесі мен ауылдардың жартысынан көбі қамтылған. Ал жуырда Белое селосының тұрғындары тіршілік нәрін кран, тіпті құдықтан емес, көлден алып ішіп жатырмыз деп облыс әкіміне шағымданған еді. Таза су мұнда қашан келеді?

Руслан Аңбаев – Мамлют ауданының әкімі:

– Конкурстық шаралар аяқталды, жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Белоеға су құбырларын тарту үшін шамамен 30 млрд теңгедей қаржы керек. Республикалық бюджеттен дәмеленіп отырмыз. 2020-да қаржы бөлінсе, 21-ші жылы ауылға таза тіршілік нәрін беру жоспарда бар.

Осы проблемаларды есепке алмағанда, әлеуметтік сала, білім беру және денсаулық сақтау салаларында айтарлықтай олқылықтар жоқ. Мектептер жөнделіп жатыр, келер жылы да жөнделмек, ауылдардың бәрінде медициналық пункттер жұмыс істеп тұр, кадрлық дефицит қысқаруда. Ал Андреевка, Ленино, Леденево мен Меңкесер тұрғындарына жағымды жаңалық – Руслан Аңбаев бұл ауылдарға келер жылы кең жолақты интернет жетеді деп уәде берді. Сондай-ақ, алдағы 2 жыл ішінде Мамлютка қаласында дене шынықтыру кешені мен жабық хоккей корты бой көтеруі тиіс. Қысқасы, жоспар ауқымды, енді сол жоспарды жемісті жүзеге асыру ғана қалды.

 

 

 

Саят Ермек