Мәдениет

Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану

Келер жылы “Ботай” тұрағында визит-орталық салынады. Ал Уәлиханов ауданындағы Алтын Орда дәуірінен қалған көне қала жіті тексеріледі. Одан бөлек, бірнеше нысан жөндеу көреді. Бұл жайлы бүгін журналистерге Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Рақат Мамбеталинов мәлім етті.

Алтай мен Атыраудың, Түркістан мен Қызылжардың арасы. Бұл – ұшқан құстың қанаты талатын ұлы қазақ даласы. Ұлан-ғайыр атыраптың біз білмейтін тұстары өте көп. Бірақ, жыл артқан сайын өткеннен сыр шертетін ескерткіштер анықталып жатыр. Мәселен, биыл облысымыздағы Уәлиханов ауданында Алтын Орда кезеңінен қалған мазар табылды. Нақтырақ айтсақ, көне қаланың бір бөлігі мәлім болды. Мұнда Жошы ханның ұрпақтары жерленген деген болжам бар. Бұл да бір тарихи сенсация!

Рақат Мамбеталинов – СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры:

–  Бүгінгі күні облыс аумағындағы 599 тарихи-мәдени ескерткіш мемлекеттік қорғауға алынған. Оның 8-і республикалық маңызға ие. Нысандардың басым бөлігі археологиялық болып саналады. Себебі, өткеннен сыр шертетін мұралар тас және қола ғасырларына тиесілі.

Рақат Мамбеталинов басшылық ететін орталық өткен жылдың соңында құрылды. 3 негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді. Мұндағы мамандар тарихи-мәдени ескерткіштерді анықтайды, зерттейді. Кейін қайта қалыпқа келтіріп, мемлекеттік қорғауға алады. Бұдан соң насихаттаттайды. Биыл біраз шаруа атқарылыпты. Өңірімізде 10-ға жуық нысан жөндеу көрген. Біразынан жарнамалық баннерлер де алынған екен. Дегенмен, салада өткір тұрған мәселелер де бар. Бүгінгі күні Петропавлдағы көпес Янгуразовтың үйі немесе “Қалыңдықтар үйі” бос тұр. Бұл ғимаратқа 2016 жылы жөндеу жасалды. Бірақ, іс талапқа сай жүргізілмей, нысан қолданысқа жарамсыз деп танылды. Рақат Мамбеталинов проблема алдағы уақытта шешілуі тиіс дейді.

Рақат Мамбеталинов – СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры:

– Біз биыл бұл нысанға зерттеу жүргіздік. Онда кем-кетік тұстар анықталды. Енді тағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Іс 2021 жылы аяқталып қалады деп ойлаймын. Осы орайда қаламыздағы Дмитриевтің үйіне де тоқталайын. Қазіргі күні бұл нысанның иесі жоқ. Оның өмірден озғанын анықтадық. Бүгінде ғимарат қараусыз тұрғандықтан, біз оны қалалық әкімдіктің балансына беру жайын қарастырып жатырмыз.

Жоспар ауқымды. Келер жылы “Ботай” тұрағында визит-орталық салынады. Бүгінде нысанның жобалық-сметалық құжаттары дайын. Тағы, Уәлиханов ауданындағы жоғарыда айтқан мазар да жіті зерттеледі. Брифингіде №21 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Ерлан Мәкен де сөз алды. Азамат биыл “Ұлы даланың 7 қыры” атты жоба әзірлепті. Жерлесіміз келесі жылы авторлық жұмысын факультатив сабақ ретінде мектеп бағдарламасына енгізгісі келеді.

Ерлан Мәкен – №21 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі: 

– Біз электронды түрде шығарып жатырмыз. Әр тақырып бойынша презентация болады.

Ерлан Мәкен жобасында күллі еліміздегі тарихи-мәдени құндылықтарды қамтыпты. Жұмысына ел қорғаған батырларды енгізген екен. Бастысы – өңіріміз жайлы мәліметтер жетерлік.

Байболат  Култанов