Құқық қорғау органдары

Пиротехниканы заңсыз саудалаудың жолы кесілуде

Пиротехникалық заттарды заңсыз сататын жандар жазаға тартылады! Ортақ тәртіпке көнбеген адамдарға 25 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл – 63 мың 125 теңге. Бүгін өңір құтқарушылары мен полицейлері отшашулар сатылатын қаламыздағы базарлардың бірінде рейд шарасын өткізді. Мұнда мамандар тауарлардың құжаттарын тексерді, саудагерлерге қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Жаңа жыл мерекесі отшашусыз өтпейді. Алайда, пиротехникалық дүниені барынша мұқият қолданған жөн. Әйтпесе, адам абай болмаса, төтенше жағдай орын алуы мүмкін. Әрі өзінің және жақындарының денсаулығына зиян келтіруі ғажап емес. Оның алдын алу үшін нені ескеру қажет?

Пиротехникалық бұйымдарды сатып алмас бұрын ең алдымен нұсқаулығын оқып көру керек. Сондай-ақ, қолдану техникасына мұқият назар аударған жөн. Тауардың арнайы сертификаты бар-жоғын анықтап алған да дұрыс.

Құтқарушылар мен полицейлер түрлі отшашулар саудаланатын орындарға рейд шараларын өткізуде. Мамандар тауарлардың құжатын тексеріп, қарапайым қауіпсіздік ережелерін еске салуда.

Жанат Жұмажанов – Петропавл қалалық ТЖБ инженері:

– Рейд шаралары барысында қалада тек бір сауда нүктесінің пиротехникалық дүниелерді сатуға сертификаты бар екені анықталды. Ал қалған саудагерлердің мұндай заттарды сатуға арналған құжаттары жоқ. Ол жандарға ескертулер айтылды. Құлақ аспаған жағдайда шара қолданылатын болады.

Отшашуларды құжатсыз сататындардың құлағына алтын сырға. Мамандар арнайы сертификаты жоқ пиротехникалық заттарды саудалайтындар жазаға тартылатынын айтты. Яғни, оларға 25 АЕК көлемінде айыппұл салынатын болады. Сондай-ақ, барлық өнімі тәркіленеді.

Маржан Қасымбек