МТРА жаңалықтары

Өлкеге тартылған инвестициялар бойынша ахуал талқыланды

2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысына құйылған инвестиция көлемі 200 млрд теңгеден асады. Бұл жайлы бүгін өңірлік әкімдіктегі жиында айтылды. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов қаржы тартудағы жетістіктер мен олқылықтар енді әр 3 ай сайын жіті талқыланатын болады деді. Бүгінде өңірде өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асып жатыр, алдағы жылдарға құрылған жоспар да ауқымды. Мәселен, Айыртау ауданында желден электр қуатын өндіретін парк пайда болуы мүмкін.

Қалталы азаматты іздеу, кейін келіссөздер жүргізу, көндіру мен дәлелдеу – қысқасы, инвестиция тарту қиын әрі ұзаққа созылатын шаруа. Бірақ, нәтиже керемет – бұл мыңдаған жаңа жұмыс орны, бюджетке түсетін қосымша салық әрі тұрақты экономикалық өсім. Сондықтан, жұртшылық инвестициялық ахуалдан хабардар болуы тиіс деді отырысқа төрағалық еткен облыс әкімі.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Біз осы жылы атқарған жұмыстарды және алдағы уақытта қандай жобалардың іске асырылатынын қарайтын боламыз. Облыс жұртшылығына біз көбірек хабарлама жасап тұру керекпіз. Тоқсан сайын осындай форматта кездесулер өтетін болады.

Арман Оразғұлов басқаратын индустриялық-инновациялық даму басқармасының бақылауында бақандай 34 инвест-жоба бар екен бүгінде. Оларға құйылған және болашақта құйылатын қаржының жалпы сомасы да өте қомақты – шамамен 230 млрд теңге. Бастамалардың көбі жүзеге асты – Ғ.Мүсірепов ауданында қоспа жем зауыты, Тайыншада ет комбинаты ашылды биыл. Ал Петропавлда көкөніс қоймасы салынды, “Достық молл” жұмысын бастап, агрохимиялық зертхана мен сабын фабрикасы пайда болды.

Арман Оразғұлов – СҚО индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

– ПАМЖЗ – термовагондар өндірісін, ал Киров атындағы зауыт ноутбук жинауды бастады. Келесі жылы әйгілі «Alageum electric» компаниясы 23 млн долларға облыс орталығында электр құрылғылар жасайтын зауыт ашады. 100 млрд теңге құйылып, Сырымбеттегі кен орнында қалайы өндірісі қолға алынбақ. Тағы ағаш өңдеу зауыты, тағы бір шошқа өсіру кешені мен дата-центр да жұмысын бастайды болашақта.

Ал шетелдік инвесторлардың қаржы құюымен алдағы уақытта 4 жоба жүзеге аспақ. Түрік компаниясы өлкеде ламинатталған фанера зауытын салмақшы, “YDA Holding” болса аурухана тұрғызады. Ал Айыртауда желден электр қуатын өндіретін бірегей парк пайда болмақ. Ал ең маңызды жоба немістерге тиесілі. Әйгілі “CLAAS” концерні бізде ауыл шаруашылығы техникасын жинайтын болады. Аграрлық аймақ болсақ та диқандарымыз комбайндар мен себу кешендерін жаңадан алуға көп құлшынбайды, өйткені қымбат. Ал “CLAAS” теріскейге келсе, жағдай өзгермек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Осы зауыттың арқасында біз ауыл шаруашылығы техникасының құнын 52 пайызға дейін арзандатамыз. Бұл жергілікті фермерлер үшін керемет қолдау болмақ. Немістермен жүргізілген келіссөздер нәтиже берді, облысымызда техника жинауға компания дайын.

Шамамен 23 млрд теңгенің 13 инвест-жобасы ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асуда. Бұл жайлы жауапты басқарма басшысы Ерболат Бекшенов айтты. Облыс әкімінің пәрмені бойынша 2020-да өлкеде 10 шақты сүт-тауарлы ферма, 3-4 бордақылау алаңы салынбақ. Ал агроөнеркәсіп кешеніндегі ең ірі бастама – жаңа май өндіру зауыты. Жақын болашақта оны швейцариялық компания 20 млрд теңгеге тұрғызбақ ниетте.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл компанияның Украина мен Ресейде бірнеше зауыты бар. Инвестор Солтүстік Қазақстан, Ақмола мен Қостанай облыстарын аралады. Шетелдік азаматты өндіріс ошағын біздің облыста салуға көндіруге тырыстық. Өйткені, майлы дақылдарды өсіру бойынша елде біз – көшбасшымыз.

Миллиардтаған инвестиция құрылыс саласына да құйылды. Өлкеде баспана мен әлеуметтік нысандарды салу жалғаспақ. Петропавлдан бөлек, қазірдің өзінде Новоишимка, Бескөл мен Явленка селоларында көпқабатты үйлер тұрғызылып жатыр. Ал шаһарда алдағы бірер жылда жаңа қонақ үй, университет пен Әскери институтта жаңа корпустар салу жоспарда. Ия, құрылыс қарқынын өсіріп жатырмыз, бірақ өзімізді сапалы материалдармен қамти алмай отырмыз деді әкім. Бірақ, көп кешікпей кірпішті көрші облыстардан сатып алуды тоқтатамыз. Өйткені, жергілікті компания 1 млрд 200 млн теңге құйып, кірпіш зауытын салмақшы.

Саят Ермек