БілімҚоғам

Жерлестеріміз ҚХА ұйымдастырған байқауда жеңімпаздар қатарынан көрінді

Бірлік, ынтымақ пен келісім. Желтоқсанның 12-сі ҚХА  республикалық ғылыми жобалар сайысын ұйымдастырған болатын. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 19 жұмыс ұсынылыпты. Олардың тек алтауы жүлдегерлер қатарынан көрінген. Үздіктердің арасында солтүстікқазақстандықтардың да жобалары бар.

ҚХА ғылыми жобалар байқауын дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырады екен. Биыл сайысқа өтініштерді қабылдау қыркүйек айынан жүргізілді. Алайда, Мария Татаренко дайындығын жарты жыл бұрын-ақ бастапты. “Радзіма” белорус мәдени орталығының жетекшісі жұмысына аудандардағы этномәдени бірлестіктердің проблемаларын арқау етіп алған. Сөзінше, өңіріміздегі 182 ұйымның дамуына жеткілікті жағдай жасалмаған. “Мәселені шешу жолы бар”, -дейді Мария.

Мария Татаренко – “Радзіма” белорус мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

– Менің облыстық ҚХА-да жұмыс істеп жүргеніме 5 жылдай уақыт болды. Осы аралықта түсінгенім, бізге мұндай институт әрбір ауданда қажет. Себебі, ауылды жерлердегі этномәдени бірлестіктерге тиісті қолдау көрсетіп, оларды қоғамдық жұмыстарға тарту керек.

Жобаның идеясы қазылар алқасы тарапынан бірден қолдау тауыпты. Сондықтан, Мария Татаренко республикалық сайыста жүлделі екінші орынды алған. Жалпы, қатысушылардың ұсынған ойлары бір-біріне ұқсамайды. Әрбірі – ерекше, ал ең бастысы өзекті. Мәселен, Ләззат Жалмұқанова қазылар алқасын өзі басқаратын білім ошағымен таныстырған екен. Мектеп-кешені осымен 19 жыл бойы еліміздегі ерекше мектептердің қатарына жатады. Оқу ұясында бірнеше этнос өкілі үшін өздерінің ұлттық мәдениеті мен тілін меңгеруге мүмкіндік жасалған. Аталған жоба жүлделі бірінші орынға лайық деп танылып, 250 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйақыны иеленді.

Ләззат Жалмұқанова – №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры:

– Біздің мектепте 1600-дей оқушы білім алады. 22 этностың өкілі бар. Олардың тоғызы тілі мен әдет-ғұрыптарын, тарихтарын арнайы құрылған бөлімдерде оқып жүр. 11-ші сыныпты тәмамдаған соң, ұл-қыздарымыз емін-еркін тарихи Отандарына оқуға түсе алады. Жуырда ғана Польшада білім алатын түлегімізден видео-хабарлама келді. Бейнероликте оның ұстазы талапты, алғыр студентті оқытқанымыз үшін алғысын білдіріп жатыр.

Жалпы республикалық байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 19 жоба ұсынылыпты.

Эльмира Садвокасова