Қоғам

Сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде “Тілектер шыршасы” орнатылды

Аяз ата мен Ақшақарға хат жазып, сыйлық алуға болады! Қаламыздағы “DOSTYQ mall” сауда-ойын-сауық орталығында “Тілектер шыршасы” орнатылды. Мұнда балалар өздерінің қалағандарын қағазға түсіріп, қалдыра алады. Кейін, ұл-қыздарға желтоқсанның 26-сы күні түрлі базарлықтар таратылмақ. Осы орайда айта кетейік, мерекелік бастамаға кез-келген адам қатысып, кішкентай тұрғындарды қуанта алады.

Мына шырша өзгелерінен ерекше, себебі, бұл – тілектер шыршасы. Шараға көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары қатысады. Олар жаңажылдық тілектерін , яғни қалаған сыйлықтарын хатқа жазып қалдырады екен.

Мария Мамонтова, “Қызылжар аналары” ҚБ төрайымы:

– Негізі, біздің ұйымға 20-ға жуық отбасы мүшелік етеді. Бүгінде тілектер шыршасына 30 бала не қалайтынын жазған. 18-інің сыйлықтарын алып қойдық. Жаңа жылға қыздар көбінесе қуыршақ сұрайды. Ал ұлдар машина сынды ойыншық күтеді.

Көппен бірге хат жазып, мерекеде сыйлығын тағатсыздана күтіп жүргендердің бірі – Анжелика Никонова. Кішкентай ханшайым небәрі 6-жаста, ол Жаңа жылда армандардың орындалатынына сенеді.

Анжелика Никонова:

– Жаңа жыл мерекесін сағына күтемін. Аяз ата мен Ақшақарға жазған хатта мен қуыршағыма үй сұрадым. Тілегім орындалады деген ойдамын.

Қайырымды шара “Dostyq Mall” сауда-ойын-сауық орталығында желтоқсанның 26-сына дейін жалғаспақ. Сыйлықтар балғындарға дәл осы күні табыс етіледі.

Айта кеткен жөн, мұндай игі іске кез келген тұрғын ат салыса алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша қазірдің өзінде балаларға қызық-қуаныш сыйлауға ниетті ерікті жандардың қатары аз емес.

Ақтолқын Солтанханқызы