Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қалалық қоғамдық кеңестің отырысы өтті

Баспанадағы лифтіні күтіп-ұстауға енді бірінші-екінші қабаттардың тұрғындары да ақша төлеуі мүмкін. Жеделсатыны қолданбайтындар жарнадан босатыла ма, әлде жоқ па – тұрғындар жиналысында шешілмек. Бұл жаңашылдық бүгін қалалық қоғамдық кеңестің 2019-дағы соңғы отырысында талқыланды. Жиында Петропавлдың алдағы үш жылға арналған бюджеті де қаралып, бекітілді. Алайда, шаһар әкімі мен оның орынбасарлары маңызды мәселені талқылауға қатыспады.

Лифтілердің жағдайы жырланып келе жатқалы қай заман! Петропавлда 121 ескі жеделсатыны алмастыру керек бүгінде. Бірақ, кеңес отырысы талқысындағы мәселе басқа. Лифтіге күтіп-ұстау үшін үй тұрғындары ай сайын кооперативке ақша төлейді. Облыс басшылығы бекіткен ереже бойынша бұл жарнадан 1-ші және 2-ші қабаттардың тұрғындары босатылған. Неге екені түсінікті, лифтінің оларға қажеті де жоқ. Алайда, өңірлік әділет департаметі бұл қағиданы заңға қайшы деп тапқан. Ведомство алғашқы 2 қабатта тұратындар / манағы айлық жарнаны төлей ме, жоқ па – оны адамдар өзара жиналыста шешуі тиіс деген жаңа норма ұсынып отыр. Ереже кейбір кеңес мүшелерінің наразылығын тудырғанымен, қаулы көпшілік дауыспен қабылданды. Алайда, талқыланған мәселе жаңа жылда қайта қаралмақ.

Талқыдағы екінші сауал да маңызды – бұл алдағы 3 жылға арналған Петропавл бюджеті. 2020 мен 22-ші жылдар аралығында шаһар қазынасына миллиардтаған қаржы түседі. Келесі жылы ақша қайда жұмсалмақ?

Назгүл Бекмағамбетова – қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы:

– Жоспар бойынша, келер жылы бюджеттің 70 пайызы, яғни 10 млрд 700 млн теңге білім беру саласына, ал 10 пайызы немесе 1 млрд 600 млн-ы ТҮКШ саласына бағытталады. Халыққа әлеуметтік көмек көрсетуге және әлеуметтік қамтуға 993 жарым млн теңге, ал мемлекеттік органдар мен қорғаныс саласын қаржыландыруға 791 млн теңге жұмсалады. Мәдениет, спорт, тілдерді дамыту, жастар саясаты мен ақпараттық саясатқа 408 млн теңгеден артық бөлінеді.

Шаһардың ажары ашыла түседі 2020-да. Абанттандыру шаруасына келер жылы қала әкімдігі 200 млн бағыттамақ. Тағы шамамен 700 млн теңгені облыстық қазына бөлген. Одан қалды, өңір бюджеті Петропавлға қосымша 3 млрд теңге беріпті. Бұл қаржы ескі жер үйлерді сүруге жұмсалады. Қалалық қоғамдық кеңес мүшелерін қуантқан жаңалық сол – келесі жылы вокзал алдындағы алаңқай абаттандырылады. Ең бастысы – автобустар мен такси көліктері дәл ғимарат алдына жақындай алатындай етіп жол салу жоспарда. Яғни, шабаданды сүйреп, қиналу қажет болмайды. Ең қызығы, бюджет бектіліетін бұл маңызды отырысқа шаһар басшылығы қатыспады. Өзге шаруаларымен кеткен атқамінерлер қоғам белсенділерінің сынына ұшырады.

Александр Казанцев, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі:

– Біз мұнда ағымдағы түйткілді емес, білдей бір Петропавлдың 3 жылдық бюджетін қарастырып жатырмыз ғой. Алайда, кеңес отырысына қала әкімі де, оның бір де бір орынбасары да келмеді. Мені бұл таң қалдырды.

Мінберге шыққан Александр Казанцев айтқан тағы бір сын мынадай: қала бюджетінде көлік тұрақтарын көбейту жайына тиісті көңіл бөлінбеген. Өзекті мәселе бір емес, бірнеше рет көтерілді. Петропавл ықшам, ал темір тұлпарлар саны жыл санап артып келеді. Алайда, олардың бәрін қоятын тұрақ тапшы: көшелерде де, аулаларда да.

Александр Казанцев, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі:

– Кей көпқабатты үйлердің аулаларында 4-5 балалар алаңқайы тұр. Бұл мақтанарлық дүние емес. Біреуін ғана қалдырып, босаған аумаққа тұрақ неге жасамасқа?

Әкімдік өкілдері келесі жылы 70 ауланы жөндейміз деп отыр. Казанцев мырзаның ескертуін ескереміз деді ТҮКШ бөлімінің басшысы Бақыт Ілиясов. Қала қазынасы қаражатының қайда жұмсалатынын қоғамдық кеңес ұзақ әрі жіті талқылады, соңында бюджетті бір ауыздан бекітті.

Саят Ермек