Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Есіл ауданында қоғамдық қабылдау өткізді

Пешпен жылытылатын пәтерлер, тозығы жеткен жол мен жөндеуді қажет ететін мәдениет үйі! Осы және өзге де өзекті жайттар облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың Есіл ауданында өткізген қоғамдық қабылдауында көтерілді.

Пәтерде тұрады, бірақ баспанасын пеш жағып жылытады. Мұндай мәселені қалалықтар білмейді. Ал аудандағы ағайын жиі тап болады. Мәселен, Явленка селосының тұрғыны Наталья Боянова әр күн сайын екінші қабатқа отын, көмір кіргізіп, от жағады. Әрі күлін шығарып, соңынан бірнеше мәрте еден жуады. Зейнеткер ұлым бар дейді. Жұмыстың ауырын сол атқарады екен. Ал егде тартқан көршілердің басым бөлігі ұзақ жылдардан бері істі өздері тындыруға мәжбүр.

Наталья Боянова – Явленка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Кеңес Одағы ыдыраған кезде бізге орталықтан жылу беру тоқтатылды. Сөйтіп, суық пәтерлерде қалдық. Кейін мынадай пештерді салдық.

Қазір селолықтар электр қазандық орната алады. Бірақ, одан берілген жылу үшін әр ай сайын кем дегенде 20 мың теңге төлеу қажет. Кездесуде қос қабатты үй тұрғындарының айта-айта жауыр болған мәселесін Любовь Никитина да көтерді. Ол көп жылдар бойы пәтерін отын, көмірмен жылытыпты. Ал жақында азаматшаның баспанасы орналасқан ғимарат орталықтандырылған жылу желісіне қосылған екен. Жерлесіміз көрсетілген қызмет үшін айына бар-жоғы 5 мың теңгеден аса ақша төлейді. Нәзікжанды мұндай жағдай Явленкадағы өзге адамдарға да жасалса деген ниетте.

Любовь Никитина – Явленка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Қос қабатты үйлерде көбінесе зейнеткерлер тұрады. Олар жоғарыға отын, көмірді сөмкемен тасиды. Қарт адамдар үшін қиын. Әрі пәтерлердегі пештерден түтін жөнді шықпайды. Салдарынан үйдің ішін көк түтін басады.

Бүгінде Есіл ауданында тұрғындар өз күштерімен пеш жағып жылататын 16 қос қабатты үй бар екен. Олардың 8-і Явленкада орналасқан. Алдағы уақытта нысандардың басым көпшілігі орталықтандырылған жылу желісіне қосылады. Мұны өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов мәлімдеді.

Құмар Ақсақалов – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Көмір жағылатын бұрынғы қазандыққа сабан жағылатын жаңа қазандықты қосамыз. Осылайша ғимараттарға жылу берілетін болады. Біз нысандарға дейін жылу желілерін тарту үшін аудандарға қаржы бөлдік.

Бұл іс қос тарапқа да тиімді болмақ. Неге десеңіздер, қолға алынған жоба жүзеге асса, біріншіден үйлерге жылу жетеді, екіншіден адамдар отын, көмірге шығындалмайды. Сабан жағылатын қазандықты өзге жақтан алмаймыз, Петропавл ауыр машина жасау зауында әзірлейміз. Сондықтан, жергілікті бюджеттен аса көп қаржы жұмсалмайды. Аудан тұрғындарын су мәселесі де толғандырады. Өзекті проблеманы Амангелді ауылының халқы өздері шешпек болыпты.

Надежда Тишевская – Амангелді ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– 830 мың теңге жинадық. Бұл ақшаға сорғы станциясынан Амангелді селосына дейін су құбырын тарттық. Аралық шамамен 800 метрді құрайды. Тағы, биыл ауыл ішінде тарату желісін де орнаттық. Бірақ, бізге әлі тіршілік көзі берілмеді.

Амангелді ауылының тұрғындарына Преснов топтық су құбырын қалыпқа келтіру аясында “Есіл су” мекемесі көмек көрсетіпті. Шаруаның аяқталуына сәл қалғанда, жобаға түзету енгізіле бастайды. Осылайша жұмыс тоқтатылады. Мәселенің мән-жайын толығырақ түсіндірейік. Мердігер істі сапалы жүргізу үшін ақша жетпейді деп шағымданыпты. Тексеріс кезінде оның пікірінің дұрыстығы дәлелденген. Енді келесі жылы шаруа өз жалғасын таппақ. Қоғамдық қабылдауға іргедегі Корнеевка селосының тұрғыны да келді.

Галина Яковлева – Корнеевка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Селодағы мәдениет үйінің қасбетін қалыпқа келтіру қажет. Терезе блоктарын да ауыстырған жөн. Бүгінде қаптама плитка мен кірпіштері түсіп жатыр. Ішіне де жөндеу жүргізу керек. Менің білуімше көрермендер залының төбесі құлайын деп тұр.

Селодағы мәдениет үйін қалыпқа келтіру қажет. Өйткені, ауылда бос уақыт өткізетін басқа орын жоқ. Мұнда балалар келіп, үйірмелерге қатысады, үлкендер жағы кітапханадан ақын-жазушылардың туындыларын алады. Әрі осы жерде түрлі іс-шаралар өтеді. Бүгінде нысанды жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжат дайын. Іске 200 млн теңгедей қаржы керек.

Құмар Ақсақалов – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Біз 200 млн теңгені бірден бөле алмаймыз. Ақшаны кезең-кезеңмен беруге болады. Үлкен селодағы мәдениет үйінің маңыздылығын ескере отырып, жылына 50-60 млн теңге бағыттауға болады. Сіздің бұйымтайыңыз аяқасты қалмайды.

Явленка селосының кішкентай тұрғындарына да бос уақыт өткізетін лайықты жер қажет. Қазір мұндағы 50 бала футбол секциясына барады. Жерлестеріміз талапқа сай келмейтін спортзалдарда жаттығып жүр екен. Көп кешікпей теңбіл доп қуалаған ұл-қыздар мен оларды жаттықтыратын мамандардың арманы орындалады. Келесі жылы аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бастау алады.

Алтынбек Абдоллаев – Есіл ауданының әкімі:

– 2020 жылға 150 млн теңгедей бөлінеді. Көшеге орталықтан жылу, су жіберіледі. Құбырларымыз бар.

Осы орайда облыс әкімі мұндай жұмыстар өзге аудандарда да жалғасатындығын тілге тиек етті. Есілдіктерді жол мәселесі де алаңдатады. Бүгінде Қараағаш ауылының кіреберісі әбден тозған.

Ержан Гайсин – Қараағаш ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Жол мәселесі толғандырады. 30 млн теңге бөлінді деген. Жөнделе ме, жөнделмейді ме екенін білейін дегем.

Бүгінде Қараағаш ауылында 50-ге тарта үй бар екен. Яғни, халқы көп елді мекендердің қатарында емес. Ал жергілікті билік қазір болашағы зор, халық саны көп селоларды дамытуға басымдық беріп жатыр. Сондықтан, келесі жылы Ержан Гайсиннің сұрауы орындалмайды. Ал 2021-де жөндеу жасалуы мүмкін. Сергей КОрневті де осы мәселе алаңдатады.

Сергей Корнев – Явленка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Явленка селосындағы 20 шақырым жол жөндеуді қажет етеді. Бүгінде көшелердегі беткі қабаттың басым бөлігі тозған. Ой-шұқырлар көп. Кем дегенде орташа деңгейдегі жөндеу жүргізу қажет.

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов жөндеу жұмыстары келесі жылы басталатынын жеткізді. 2020-да Явленкада – 2, ал Корнеевкада 1 шақырым жол қалыпқа келтіріледі. Іс аудандық және облыстық қазынадан бөлінген қаржыға жүргізілмек.

Култанов Байболат