Денсаулық сақтау

Өңірде МӘМС жүйесіне дайындық барысы пысықталды

Елімізде келер жылдан медициналық сақтандыру жүйесі жұмысын бастайды. Қазір барлық жерде бұған қызу дайындық жүргізіліп жатыр. Жаңашылдық денсаулық сақтау саласындағы қаржыландыруды арттырады және көрсетілетін медициналық қызметтер тізімі кеңейеді дейді мамандар.

Еліміз бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуіне санаулы күндер қалды. Қазір әр өңірдің дайындығы пысықталуда. Бастама денсаулық сақтау саласындағы қызмет сапасын жақсартады әрі науқастардың тегін қаралуына мүкіндік береді. Бұған консультациялық-диагностикалық көмек, профилактикалық тексеру, зерттеу және диагностика, қымбат тұратын оталар мен медициналық оңалдыру кіреді.

Лариса Гордеева – “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:

– Облыста денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің төрағалығымен жергілікті атқарушы орган өкілдерінің қатысуымен өңірлік комиссия құрылған болатын. Бұның арқасында аймағымыз МӘМС жүйесін енгізуге қаншалықты дайын екенін көре аламыз. Яғни, емханалардың, тіркеушілердің әзірлігі, олардың қабылдауға және консультациялық көмек көрсетуге қалай дайын екендігі қаралды.

Мамандардың айтуынша өңіріміз жаңа жүйеге көшуге дайын. Дегенмен, басында белгілі бір жағдайларға байланысты кейбір мәселелер туындауы мүмкін. Осыған байланысты желтоқсанның 4-і Денсаулық сақтау министрлігі әр өңірде арнайы штабтар құрған.

Айжан Есмағамбетова – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры:

– Жаңадан құрылған штабтардың міндеті – жаңа жүйедегі кемшіліктерді жедел анықтау. Және оларды болдырмау мақсатында жұмыстар жүргізу. Жалпы, әрбір қазақстандық бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін, әсіресе ауылдық жерлерде медициналық көмекті қалай алуға болатынын білуі тиіс. Ол үшін халыққа түсіндіру жұмыстары әлі де жүргізілуі керек.

Міндетті әлуметтік медициналық сақтандыру жүйесі ең алдымен Қарағандыда пилоттық жоба ретінде енгізілген болатын. Жаңа жүйе оң нәтижесін берген екен. Демек, бастама жемісті болады деп отыр мамандар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша аймақтағы медициналық мекемелердің көбісі интернетпен қамтылған. Яғни, сандық жүйені қолдануда қиындықтар туындамайды.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Цифрландыру, кадрлық тапшылық, материалдық-техникалық базаны жаңарту. Биыл бұл мәселелердің бір бөлігі шешілді. Жас дәрігерлердің саны артып, барлық денсаулық сақтау объектілері компьютерлермен толық қамтылды. Медициналық мекемелердің 78%-іне интернет қосылған. Айта кетейін, жыл басында бұл көрсеткіш екі есе төмен болған еді.

Жиын соңында жаңа жүйеге дайындықты жыл соңына дейін аяқтау қажеттігі айтылды.

Ешкенова Дана