Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тәуелсіздік күні қарсаңында бірнеше петропавлдық жанұя қоныс тойын тойлады

Тәуелсіздік күні алдындағы қуаныш! Еліміздің басты мейрамының қарсаңында петропавлдық бірнеше жанұя баспаналы болды. Бүгін Береке ықшам ауданындағы су жаңа 100 пәтерлі үйге алғашқы тұрғындар қоныстанды.

Желтоқсанның 12-сі енді Темірбековтер жанұясы үшін мерекелік күн. Бүгін олар армандаған пәтерлерін алды. Баспана кезегінде Жанна Темірбекова бақандай 12 жыл тұрған. Енді жаңа 1 бөлмелі үйіне қандай жиһаз аларын ойластырып жүр. Таңдау жасауда оған қызы мен анасы көмектесетін болады. Жатақханадағы шағын ғана бөлмеден кейін бұл пәтер хан сарайымен тең дейді нәзікжанды.

Жанна Темірбекова, қала тұрғыны:

– Тар бөлмеден жалыққан біз үшін бұл өте маңызды. Айырмашылық жер мен көктей. Ең бастысы, іші кең.

Жолдастар, туысқандар – жанұяны жаңа қоныспен бәрі құттықтап жатыр. Ал бүгін оларға мейман болып облыс әкімі келді. Құмар Ақсақаловтың сөзінше, жаңа пәтерге көшкен күн кез келген адамның есінде мәңгі сақталады. Әкім де сол естелігімен бөлісті.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ауылдан қалаға келгенде қатты қуанған едік. Кранды ашқанда, суық және ыстық су ағып тұратын. Осы сәттегі сезімді сөзбен жеткізу қиын.

Гүл шоғын алып, Құмар Ақсақалов Шаяхметовтардың қонысына да бас сұқты. Көгершін ханым мен оның жолдасы 4 баланы тәрбиелеп өсірген. Өз үйің болмағасын, жалдамалы пәтерден-пәтерге көшіп жүрдік дейді отанасы. Үлкен жанұямен 18 шаршы метрді паналаған да кездер болған. Ал жаңа баспана 3 есеге үлкен – 64 шаршы метр.

Көгершін Шаяхметова, қала тұрғыны:

– Кілт алып, кіріп жатқанымызға өте қуаныштымыз, қуанышымызда шек жоқ. Пәтер ұнады, жайлы жарық, кең, тіпті едені де жеп-жылы.

100 пәтерлі баспана шамамен 1 жыл ішінде қоғамның әлжуаз топтары үшін салынған. Бұл үйден көпбалалы 30 отбасы, жетімдер үйінің 14 тәрбиеленушісі, 1 ҰОС-ның және 1 Ауған соғысының ардагері пәтер алды. Тағы жалғызбасты аналар мен мүгедектерге берілді. Баспана оларға жалға ұсынылады, оны меншікке аудару құқығы жоқ. Өңірде тұрғын үй құрылысының қарқыны жыл санап артып келеді. Биыл 2240 пәтер жұртшылық игілігіне тапсырылған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жылдың аяғына дейін 120 көпбалалы отбасын баспанамен қамтып, 3 жылдың ішінде мәселені толығымен шешеміз. Жалпы, жылдың аяғына дейін 2200 пәтер тапсырып, 8 мыңнан астам адам тұрмыстық жағдайын жақсартты. Ал келесі жылы 2800-ден аса пәтер беруді жоспарлап отырмыз. Тиісті қаражат бөлінді.

Сондай-ақ, Петропавлда ескі жер үйлерді сүру жұмыстары да жалғасады. Орнына көпқабатты баспаналар салынады. Құмар Ақсаловтың сөзінше, облыс орталығы ықшам әрі тұрғындарға ыңғайлы болуы тиіс.

Саят Ермек