Қоғам

Желідегі жұрттың талқысына түскен статистиктер

Есігіңді қағып, табысыңды жайып салуды өтінеді! Петропавлда бәз біреулер статистика департаментінің мамандарымыз деп, азаматтарға сыйақы үшін сауалнамадан өтуді ұсынады екен. Осындай оқиғалардың бірі қазір желіде жұрттың қызу талқысында. Көпшілік оларды алаяқтар деп отыр.

Осыдан бірер күн бұрын әлеуметтік желіні тағы бір жазба дүрліктірді. Пост авторы үйіне бейтаныс әйел келіп, өзін статистика департаментінің маманы деп таныстырғанын жазған. Кейін сауалнама ұсынып, өзінің және отбасы мүшелерінің деректерін, жалақы мөлшерін, тіпті бой ұзындығын жазуды өтінген. Бұл жәйт қала тұрғынының күмәнін тудырған. Күдігін танымал пабликтердің біріне жазып жіберген азаматтың оқиғасы көпшілікті бей-жай қалдырмады.

Евгения Кореннова: 

– Бейтаныс біреулерге есік ашқанды қашан қоясыздар?

Виталий Зыбин: “Әлгі әйелді суретке түсіріп алу керек еді. Біздің подъезде де су сүзгілерін ұсынып жүрген жігітті бірнеше рет көрдім. Көбіне ол зейнеткерлерге кіретін, бірден күмән тудырады”.

Иринка Сергеевна: 

– Бойдың ұзындығын қайтеді олар? Кезекті алаяқтар екені түсінікті ғой. Бір нәрсені сату үшін аңғалдарды іздеп жүр.

Бұл көп болжамның бірі де ақталмады. Статистика департаменті шынымен де азаматтардан сауалнама алады екен. Мамандардың сөзінше, бұл ақпарат солтүстікқазақстандықтардың тұрмыс деңгейін анықтау үшін қажет.

Қуанышбек Қалижанов, СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

– Елдегі халықтың және өңірлердегі кедейшілік деңгейін, мемлекетің әлеуметтік және экономикалық саясатының тиімділігі туралы құнды ақпарат алуға мүмкіндік береді. Зерттеуге қатысушы ретінде отбасылар мүлде кездейсоқ таңдалады.

Саят Ермек – тілші:

– Жалақы мен жеке деректер түсінікті, ал әр отбасы мүшесі бойының ұзындығы не үшін керек статистиктерге? Сөйтсек, статистика әділ болуы үшін мамандар азаматтардың орташа параметрлерін анықтайды екен, ал оған сәйкес, тамақтану рационын құрастырады.

Қуанышбек Қалижанов, СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

– Отбасы мүшелері берген ақпардың бәрі құпия сақталады және бұл мәліметтер тек статистика құру үшін ғана қолданылады.

Мұндай сауалнамалар жиі жүргізіліп тұрады. Сондықтан, азаматтарға алаңдаудың қажеті жоқ. Ескерер жәйт, сауалнама толтырған әр отбасының кіріс-шығыстары 3 ай бойы статистиктердің бақылауында болады екен. Одан қалды бұл – оңай ақша табудың амалы десек те болады. Өйткені, сауалнамадан өтіп, мамандардың бақылауында болған әр жанұяға ақшалай сыйақы төленеді. Сома әсте аз емес – 4 АЕК, яғни 10 100 теңге.

Саят Ермек