Денсаулық сақтау

Екпе алудан бас тарту жағдайлары жиілеуде

Солтүстікқазақстандық санитарлар алаңдаулы! Өйткені, түрлі дерттерге қарсы вакцина алудан бас тартып жатқан жерлестеріміз жыл санап көбеюде. Әсіресе, ата-аналар екпелер қауіпті деп қорқып, балаларына жасатпайтын көрінеді. Мамандар бұған интернетті дүрліктірген сан түрлі жазбалар себеп деп отыр.

Статистиканы сөйлетсек, иммундау жыл сайын әлем бойынша 3 миллионға дейін өлімнің алдын алады екен. Аурудың түр-түрі бар қазір. Оларға қарсы, әсіресе, балалар ағзасының осал екені айтпаса да түсінікті. Қазақстанда балақайлар 12 қауіпті дертке қарсы екпе алады. Тізімге туберкулез, гепатит пен қызылша кіреді. Десе де, мойындау керек, ата-аналар тарапынан вакцинаға деген сенім жыл санап азайып барады. Неге? Сенбейді, өйткені.

Татьяна Горлова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Көбі вакциналар сапасыз, денсаулыққа қауіпті деп санайды. Ересектер өздеріне де, балаларына да екпе жасатуға ұшты-күйлі қарсылық білдіріп жатады. Бұл – қате пікір! Өйткені, кез келген вакцина айналымға шығарылмас бұрын қатаң тексерістен өтеді.

Облыс санитарлары алаңдаулы. Алаңдауға себеп бар, өйткені 2019-дың 9 айында түрлі ауруларға қарсы иммундаудан 300-ге жуық жерлесіміз бас тартқан. Статистика өсіп жатыр. Көп жағдайда манағы ата-аналар қауымы балаларына екпе жасатуға рұқсат бермей жатады.

Саят Ермек – тілші:

– Қазір сағат таңғы 8 жарымдар шамасы. Таңсәріден біз шаһардағы көп балабақшаның біріне бас сұғып отырмыз. Мақсатымыз – мұндағы ата-аналардың екпеге қатысты көзқарастарын білу.

Ирина Воскресенская балабақшаға 5 жасар қызы Лизаны әкеле жатыр. Вакциналауға қатысты оның көзқарасын сұрап едік.

Ирина Воскресенская:

– Қарсы емеспін. Қызыма ойланбастан екпе жасатамын. Өйткені, аурулар көп, ал оларды емдеу қиын. Одан да алдын алған дұрыс. Менің ойымша, ата-аналар балаларына екпе қойдыруға міндеттелуі тиіс, өйтпесе, ол дертке шалдықса, өзгелеріне жұқтыруы мүмкін ғой.

Бірақ, бәрі бірдей Ирина сияқты емес. Бұл балабақшада 200-дей балғын тәрбие алады. Алайда, 16-сы дерттерге қарсы тиісті екпелерді жасатпаған. Мұны мекеме медбикесі Ольга Рутковская айтып отыр.

Ольга Рутковская – бөбекжай-балабақша медбикесі:

– Иммундаудан бас тартатындар аз емес. Алайда, бұл ата-аналармен жеке әңгімелесемін, екпе алмаған балалардың өзгелеріне қауіп төндіретінін түсіндіруге тырысамын. Көбі кейін рұқсатын беріп жатады, ал кейбірі сенбеймін деп, айтқанынан қайтпайды.

Сенбеудің себебі неде? Мамандар бар гәп интернетте дейді. Көпшілік желідегі екпеге қарсы түрлі жазбаларды оқып, иммундаудан беті қайтатын көрінеді. Ал ондағы ақпардың рас-өтірігіне назар аударып жатқандар шамалы.

Саят Ермек – тілші:

– Негізі, ата-аналар қауымын да түсінуге болады. Олардың әрқайсысы өз баласының денсаулығы үшін алаңдайды емес пе?! Мәселен, елордада қарашаның 29-ы кішкентай балақай қайтыс болды деген ақпар жүр қазір желіде. Қайғыдан қан жұтқан ана балам қызылшаға қарсы жасалған екпеден кейін қаза тапты деп отыр. Ал дәрігерлер оның жүрек жетіспеушілігінен көз жұмғанын пайымдауда. Қанша дегенмен оқиғаға қатысты Денсаулық сақтау министрлігі қазір тергеу жүргізіп жатқан көрінеді.

Желідегі жазбалар мен ондағы пайымдауларға көзсіз сенуге болмайды дейді санитарлар. Екпеден кейін баламның қызуы көтерілді, қолы ауырды деп пост жазып, шыр-пыр болады көбі. Мамандардың сөзінше, бұл – вакциналаудан кейінгі қалыпты құбылыс.

Татьяна Горлова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Дене қызуының көтерілуі, екпе жасалған жердің бөртіп, қызаруы, қолдың ауырсынуы – бұл ағзаның вакцинаға қатысты қалыпты реакциясы. Бұдан қорқып, байбалам салудың, бірден желіге жазып, жұртты дүрліктірудің қажеті жоқ.

Вакцина – қауіпсіздік кепілі дейді Татьяна Горлова. Ал одан бас тарту өзгелер үшін қауіпті. Сондықтан, мамандар заңды қатаңдату жағдайды сәл де болса түзетеді деп санайды. Бүгінде “Денсаулық туралы” кодекстің жаңа редакциясы әзірленуде. Онда екпе алмаған балаларды балабақшаларға қабылдамау жайы қарастырылып жатқан көрінеді.

Саят Ермек