МТРА жаңалықтары

ТЖД мамандары «Darmen» қосымшасын жүктеуге кеңес береді

Ауа райының өзгеруі, жолдардың жабылуы. Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындарға «Darmen» мобильдік қосымшасын жүктеуге кеңес береді. Бұл қосымша арқылы азаматтар дауылды ескертулерден уақытылы хабардар болып отырады.

Өткен аптада өңірімізде 26 оқыс оқиға тіркеліпті. Оның түгелі дерлік өртпен байланысты. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Құтқарушылар өз кезегінде тұрғындарға аса сақ болуларын тағы ескертеді.

Рүстем Жұмағалиев – СҚО ТЖД дағдарыстық жағдайлар басқармасының бастығы:

– Шал ақын мен Ақжар аудандарында 2 автокөлік отқа оранды. Екі жайт та электр сымдарының қысқаша тұйықталуынан пайда болды. Адамдардың барлығы дін аман. Ал машиналар түгел өртеніп кетті.

Департамент мамандары қыс кезінде көлікке де мән берген жөн дейді. Нақтырақ айтар болсақ, тұрғындардың көбісі көлікке жылыту жүйесін өздері орнатады. Сол кезде техникалық шарттарды дұрыс орындай алмайды екен. Осындай ұқыпсыз істің салдарынан темір тұлпар отқа оранады. Одан да көлікті білікті мамандардың қолына тапсырған жөн дейді құтқарушылар.

Айта кетейік, қазіргі күні «Darmen» мобильдік қосымшасы жұмыс істейді. Аталған бағдарламаны жүктеп алған адам ауа райы болжамы мен болуы мүмкін дауылдар жайлы күнде ескертіліп отырады.

Рүстем Жұмағалиев – СҚО ТЖД дағдарыстық жағдайлар басқармасының бастығы:

– Трассаның жабылуы, ауа райының өзгеруі. «Darmen» қосымшасында осындай кез келген төтенше жағдай жайында ескерту келіп түседі. СМС хабарлама арқылы ол 2-3 сағаттың ішінде келетін болса, бұл бағдарламамен 5 секундта жетеді.

Мобильдік қосымшаны «Андройд» пен «iOS» платформасындағы барлық смартфонға орнатып алуға болады.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан