Білім

Оқушылар “Жас ұлан” ұйымына қабылданды

Білімді ұрпақ – ел болашағы. Қаладағы 4 бірдей мектептің оқушылары “Жас ұлан” ұйымының мүшесі атанды. Шарада білімді де білгір, талапты да талантты 50-ден астам оқушы Отанын сүюге ант берді.

«Жас ұлан» – өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелейтін ұйым. Оның құрамына тек нағыз отансүйгіш, оқуда үздік, тәртібі үлгілі, түрлі шараларға белсенті ат салысатын жеткіншектер қабылданады. Оқушылар ант беру рәсімін бастамас бұрын ең алдымен қолдарын кеуделеріне қойып, мемлекеттік Гимнді орындады.

Ұл-қыздар өздеріне үлкен жауапкершіліктің жүктеліп тұрғанын жақсы біледі. Міне, көп күттірмей олар ант қабылдау рәсімін бастап та кетті. Жасөспірімдердің мойындарына байрақ түстес көк галстук тағылып, қолдарына төсбелгі табыс етілді. Даниал Шәріп М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейде білім алады. Жеткіншек ер жеткенде елінің мақтанышы болып, дамуына зор үлес қосуды армандайды.

Даниал Шәріп – М.Жұмабаев атындағы жоғарғы колледж жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейінің оқушысы:

– Мен сабақты жақсы оқыдым. Түрлі олимпиадаларға қатыстым.Болашақта ғалым атанғым келеді. Ғарышқа ұшқым келеді. Үлкен азамат боламын.

Шараға балалардың жақындары мен туған-туыстары перзенттерін қолдай келген.

Әйіп Рамазанов – қала тұрғыны:

– Менің немерем – Әйіп Аңсар 5-ші сыныпта оқуды. Құлыншағыма тек жақсылықты тілеймін.

Жалпы, шара барысында “Жас ұлан” ұйымына 4 бірдей білім ошағынан 50-ден астам оқушы қабылданды.

Рәзия Қасымова – М.Жұмабаев атындағы жоғарғы колледж жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейінің директоры:

– Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ең үздік оқушылар “Жас ұлан” ұйымының мүшесі атанды. Оларға зор үміт артылып отыр.

Осындай отансүйгіш, білімді де білгір ұл-қыздары бар тәуелсіз елдің болашағы жарқын болатыны анық.

 

 

Маржан Касымбек