ТЖКөлік және жолдар

Қауіпсіздік шараларына мән берген жөн

Қауырт кезең басталғалы өңірімізде 13 рет дауылды ескерту жарияланған. Ал көктайғаққа байланысты Петропавл-Нұр-Сұлтан бағытындағы тас жол 2 мәрте жабылған. Мұны бүгін журналистерге облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері хабарлады. Мамандар тұрғындарды қысқы кезеңде қауіпсіз ережелерін сақтауға шақырады. Әсіресе, жолға шығар алдында СМС-хабарламаларға мән берген маңызды.

Желтоқсанның алғашқы күндері жылы болғанымен, қуануға әлі ерте. Себебі, Сібірдің солтүстік-батысынан келе жатқан суық циклон өңірде бүгіннен бастап 3 күн бойы сақталмақ. Табиғаттың тылсым күшін алдымен Ғ.Мүсірепов пен Тимирязев аудандарының тұрғындары сезбек, ал түстен кейін циклон облыстағы барлық елді мекенге таралады дейді синоптиктер.

Наталья Левина – «Қазгидромет» РМК СҚО бойынша филиалы директорының орынбасары:

– Осы аралықта ауа температурасы түнде минус 11, 12 градусты көрсетсе, күндіз сынап бағанасы -5 градусқа жетпек. Ал кейбір аумақтарда тіпті +3 градусты көрсетуі мүмкін. Сонымен қатар, қар түсіп, көктайғақ мен тұман болуы ықтимал.

Қарап отырсақ, ауа температурасы аса төмендемейтін сияқты. Десе де, осы күндері болатын көктайғақ, тұман және қатты желдің салдарынан жапа шекпеу үшін абай болу қажет дейді құтқарушылар. Яғни, алыс жолға шықпау керек және бұдан өзге де қарапайым қауіпсіздік ережелерін қаперде ұстаған жөн.
Теріскейдің құбылмалы ауа райы дәл қай күні қандай мінез танытатынын дөп басып айту мүмкін емес. Егер қатты боран соғып, қалың қар басса қар құрсауында қалып қойған жандарды құтқару үшін төтенше жағдайлар департаментінің қуатты техникасы дайын тұр. Мамандар 55 бірлік өтімділігі жоғары арнайы машина мен жол бойында 344 жылыту бекетін қарастырып қойған. Оның 11-і – республикалық маңызы бар, ал 32-сі облыстық жолдарда орналасқан.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары: 

– Облысымыздағы жол мекемелері мен жергілікті атқару органдары 1183 бірлік жол тазалау мен тағы басқа арнайы техника жұмыс жүргізуде.  Сонымен қатар, қазіргі қар құрсауында қалатын учаскелердің аумағы 1137 шақырымды құрап отыр.

Жалпы, қыс келгелі бері өңірде 13 рет дауылды ескерту жарияланып, жолдағы көлік қозғалысы 2 рет уақытша тоқтатылған екен.

Ақтолқын Солтанханқызы