Құқық қорғау органдарыҚоғам

Қалалық қоғамдық кеңесінің отырысы

Есірткіге тосқауыл қою үшін тәртіп сақшылары өз қалталарынан ақша шығаруға мәжбүр. Бұл мақсатқа өңірге бөлінетін қаржы алдын алу шараларының барлығына жетпейтін көрінеді. Мәселе қалалық қоғамдық кеңесінің отырысында қаралды.

Кеңестің отырысы жоспардан тыс сұрақтан бастау алды. Есірткінің таратылуына қалай тосқауыл боламыз? Жастарымызды бұндай кеселден қалайша қорғаймыз? Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы Жандос Басыбаевтің айтуынша нашақорлыққа тосқауыл қою үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына екпін беру қажет. Нұр-Сұлтан мен Алматы сынды мегаполистерге бұл мақсатқа 20 млн теңгедей қаржы бөлінеді екен. Ал аймақтарға қарастырылатын қаржы әлдеқайда аз көрінеді.

Жандос Басыбаев – СҚО ПД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы:

– Жылына баннерлерді басып шығаруға – 360 мың, екі тілде бейнероликтерді әзірлеуге – 560 мың, видеоны автобустарда жүргізу үшін тағы 360 мың теңге қажет. Қазір снюс деп аталатын темекіні алмастыратын дүние шығып жатыр. Оны тіпті 12-13-тегі балалар қолданады. Ал іс жүзінде ол бас миына қатты зақым келтіреді. Біз осы зиянды заттың салдары туралы фильм жасамақпыз. Оған 250-300 мың теңге керек.

Бұл жыл бойы жүзеге асырылатын алдын алу шараларына қажет қаражаттың тек бір бөлігі ғана. Сондықтан, кейде тәртіп сақшылары ақшаны өз қалталарынан шығарып отыр. Аталған факті қоғамдық кеңестің мүшелерін таң қалдырмай қоймады әрине. Жиналғандар бірден өз ұсыныстарын білдіре бастады. Қалалық ішкі саясат бөлімі баннер әзірлеуді өз мойындарына алмақ. Өзгелері жұмыстың бәрін полицейлерге ғана артып қоюға болмайды деді.

Бейбіт Мұстафина – қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– Жұмысты денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе атқару қажет. Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығына да бірнеше тапсырманы жүктеуге болады ғой. Оларға да мемлекеттен қаржы бөлінеді. Яғни, алдын алу шаруасын бірге жүргізу керек.

Жиналғандар мәселені жабулы түрде қалдырмаймыз деп отыр. Ал Петропавл қаласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасының талқыланып жүргеніне талай уақыт болып қалды. Күнделікті орын алып жатқан өзгерістерге сай жобаға да жаңашылдықтар енгізілуі тиіс. Алайда, бағдарламаға әлі күнге дейін «Смарт-сити» қосылмапты.

Руслан Шарипов, қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– Қаланы дамыту бағдарламасында көрсетілген бағыттар «Смарт-сити» жобасында да бар. Яғни, екеуінің тұжырымдамасы бір. Менің ойымша, оларды біріктіру қажет. Ал сіздер олардың екеуін бөлек-бөлек жүзеге асырмақшысыздар.

Жиынға қатысушылар Руслан Шариповтың ойын бірауыздан қолдады. Енді қоғамдық кеңес мүшелері қалалық әкімдік басшылығына осындай ұсыныс тастамақ ниетте.

Эльмира Садвокасова