Аптадағы маңызды жаңалықтар

Аққайың ауданында сүт-тауарлық ферма ашылды

Солтүстік Қазақстан облысында тағы бір сүт-тауарлық ферма жұмысын бастады. Нысан Аққайың ауданындағы табысты агроқұрылымдардың бірінде ашылды.

Су жаңа кешенді бүгін аймақ басшысы Құмар Ақсақалов аралады. Мұнда 600 бас ірі қара бар. Шаруа қожалығының басшысы Біржан Шаймерденов симментал тұқымды сиырларды Австрия елінен әкелген. Олардың бәрі төлдепті. Ірі қараның әрқайсысы күніне 17-18 литрдей ақ беріп жатыр. Осылайша, тәулігіне шамамен 5 тоннадай сүт жиналуда.

Біржан Шаймерденов, «Шаймерденов» ШҚ басшысы, Аққайың ауданы:

– 23-ші мамырда құрылысты бастадық. 4 айдың ішінде 1,2 млрд теңге жұмсап, осы кешенді салдық. Оның ішінде қондығылар бар, малы бар. Мемлекеттен көп жеңілдік берілді. Әр сиырға 337 мың теңге ақша алдық, одан басқа бір басқа қорек үшін 120 мың теңгеден алдық.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мемлекет тарапынан мал шаруашылығы саласына біраз демеушілік жасалынып жатыр. былтыр асыл тұқымды малды сатып алу үшін 337 мың теңге жеңілдіктер болған еді. Келесі жылдан бастап әрбір басқа 50 пайыздық жеңілдік мемлекет тарапынан төленетін болады. Келесі жылы 10 жаңа заманауи ферманың құрылысын бастайын деп отырмыз.

Саят Ермек