Аптадағы маңызды жаңалықтар

М.Жұмабаев ауданында биыл атқарылған шаруа

Ауыл шаруашылығы тұрақты дамуда, бизнес өкілдеріне қолдау көрсетіліп, қоныс аударушыларға су жаңа баспаналар тұрғызылып жатыр. Аудан басшыларының 11 айда атқарылған жұмыс бойынша есеп берулері жалғасуда.

2019-дың 11 айы артта қалды. Ағымдағы жыл Мағжан Жұмабаев ауданы үшін жақсы болды дей аламыз. Бұған Қайрат Омаровтың қорытынды есебі дәлел. Агроөнеркәсіп саласында өсу байқалады. Тартылған инвестиция өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға артқан. Өсімдік шаруашылығы алға басуда, диқандар техниканы жаңартып, аграрийлер мал басын көбейтіп жатыр. Істі ойдағыдай жүзеге асыруда мемлекеттен көрсетілетін қолдаудың орны бөлек. Субсидиялар мен жылдық үстемақысы төмен несиелерді алған шаруалар да қол қусырып отырған жоқ. Яғни, қайтарым бар. Биылғы 9 айдың ішіндегі орташа жалақы 111 мың теңгені құрапты. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда еңбеккерлердің айлығы 18 пайызға артқан. Ал мардымды шаруа жүргізе алмайтын кәсіпкерлермен әңгіме мүлдем басқа.

Қайрат Омаров – М.Жұмабаев ауданының әкімі:

–  Алқаптарды иемденіп, бірақ төмен көрсеткішке қол жеткізетін аграрийлерден жерді тартып алу бойынша жұмыс жүргізілуде. Соңғы 4 жылдың ішінде мемлекет меншігіне 70 мың га қайтарылды. Қазір тағы 12 мың га бойынша шаруа атқарылуда. Егер аграрийлердің жерді игермей, босқа ұстап отырғаны расталса, тиісті шараларды қолданатын боламыз.

Бизнесмендер өз қара бастарын ғана емес, халықты да ойлаулары қажет. Әйтпеген жағдайда, кәсіпкерлердің өздері құр алақан қалулары ғажап емес. Ауылдықтар үшін тұрақты жұмыс пен лайықты жалақының болуы маңызды. Ағайынның басын ауыртатын тағы бір мәселе – елді мекеннен шығу не оған жету. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстық, аудандық деңгейдегі жолдардың 66 пайызының жағдайы жақсы және көңіл көншітерлік деп бағаланыпты. Содан бері көрсеткіш өзгерді ме?

Қайрат Омаров – М.Жұмабаев ауданының әкімі:

– Соңғы 3 жылдың ішінде бұл мақсатқа 6,4 млрд теңге бөлінді. Облыстық әкімдіктің қолдауымен 199 шақырым қалыпқа келтірілді. Сондай-ақ, Лебяжье, Пролетарка, Полудино мен Құралай ауылдарына кіреберіс жол да жөндеуден өтті. Қазір Надежка-Карагандинское мен Конюхово-Куломзиноның араларын қалыпқа келтіру бойынша 2 жылға шақталған жоба жүзеге асырылуда.

Жолдың болуы көктем, жаз бен күзде жақсы-ақ. Алайда, жарты жылға жуықтайтын қары қалың қыста мәселенің екінші бір жағы туындайды. Трассалардан бөлек, елді мекендерге апаратын жол тазалана ма екен? Әлде ауылдағы ағайынның жолға шығуы тағы қиындай ма? Оны қаһарына мініп жатқан қыс көрсетпек. Сынап бағанасы -20-дан төмендегеннен кейін тұрғындар тақымын одан бетер қыса түседі. Себебі, су колонкалары осы уақытта қатып қалуы мүмкін.

Қайрат Омаров – М.Жұмабаев ауданының әкімі:

– 63 елді мекеннің 98 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылған. Биыл Конюхово мен Лебяжье селоларындағы таратушы тораптарды қайта қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілді. Ұзынкөлге санация әдісімен су тартылып, колонкалар орнатылды. Успенко ауылындағы да жөндеу шаралары өз мәресіне жетуде. Бұл шаруаны әрі қарай жалғастыратын боламыз.

Сондықтан да өзге өңірлерден көшіп келемін деген отбасылар ойланбастан М.Жұмабаев ауданын таңдап жатыр. Биыл аталған өлке 61 жанұя үшін құтты мекенге айналды. Қоныс аударушыларға жергілікті әкімдік барлық жағдай жасауда. Тіпті, су жаңа баспана да тұрғызылуда. Биыл қолданысқа 36 үй берілмек.

Қайрат Омаров – М.Жұмабаев ауданының әкімі:

– 220 адам қоныс аударды. 70 адамды жұмыспен қамтыдық. Келесі жылы 57 үйді тұрғызбақпыз.

Қоныс аударушы отбасылар аудандағы кадр тапшылығы мәселесін жоюға де септесуде. Мәселен, мамандардың жетіспеушілігі барша өңірдегідей медицина саласында байқалады. Қазір 7 дәрігердің орны бос екен. Мәселені шешу үшін тағы ақ халаттыларды қосымша мамандыққа оқыту да қолға алыныпты. Біртіндеп жұмыссыздық деңгейі де төмендеп жатыр. Биыл 186 адам екі қолға бір күрек тапқан. Ауылдықтардың бос уақыттарын тиімді өткізуге де көңіл бөлінуде. Әсіресе, спортты қолдауда көптеп назар аударылады. Биыл су жаңа стадион ашылса, жақын арада хоккей корты халық игілігіне тапсырылмақ. Ал келесі жылы дәл осындай, бірақ жабық үлгідегі нысан қолданысқа беріледі.

Эльмира Сәдуақасова