Қоғам

Қалаға кіреберісте Винокуровқа арналған композиция пайда болды

Петропавлға кіреберісте Олимпиада чемпионы Александр Винокуровқа арналған жасыл композиция пайда болды. Желтоқсанның 1-і орнатылған ерекше шағын архитектуралық формалар қазір ел аузында. Одан бөлек, шаһарға апарар трасса бойында жуырда қонақжайлылық жазбасы да орнатылған болатын.

Жергілікті әуежай жаққа бұрылыс маңы. Қар басқан, қысы-жазы жасыл түсті қарағайлардың алдында ерекше әдемі жазба – “Welcome to Petrоpavlovsk”. Қонақжаймыз ғой, қазақшалағанда “Петропавлға қош келдіңіздер!” деп, композиция шаһар меймандарын қарсы алып тұр.

Жазбадан 100 метрдей жерде мынадай көрініс. “Чемпион” деп аталатын композиция қалаға кіреберісте желтоқсанның 1-і пайда болды. Трассаның қақ ортасында 7 велошабандоз қаз-қатар тізілген. Ал колонна басындағы спортшы, “мен жеңдім” деген сыңай танытып, екі қолын көкке көтерген. Бұл чемпион – Александр Винокуров.

Саят Ермек – тілші:

– Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, ал Лондондағы төрт құрлық ойындарының чемпионы. Оған арналған мына шағын архитектуралық формалардың Бескөл мен Петропавлды байланыстыратын тас жол бойында орнатылуы да тегіннен тегін емес. Бәрімізге белгілі, чемпион – сол Бескөл ауылының тумасы.

Винокуровка арналған композиция табиғи мүктен жасалған. Қыста ол қою жасылға боянса, жазда ашық жасыл түске енеді екен. Композиция көпшілік көңілінен шықты ма? Трасса бойында өткен-кеткен көлікті тоқтатып біраз тұрдық. Сондағы мақсатымыз – жұрттың пікірін білу.

– Қалаға кіреберіс көркейіп келеді. Ал Винокуров – әлем таныған мақтанышымыз ғой.

– Композиция өте әдемі – бұл бір. Екіншіден, чемпионымызға деген шексіз құрметті көрсетеді. Өз басым толықтай қолдаймын.

Ал велошабадоздарды даярлайтын спорт мектебінің жетекшісі Владимир Парахин Винокуров солтүстікте велоспорттың дамуына серпін берді дейді. Бұл мектепте қазір 200-ден астам жергілікті жасөсіпірім жаттығады екен. 20-сы, тіпті ұлттық құрама сапында шынығады. Мақтануға тұрарлық көрсеткіш.

Владимир Парахин – велосипед спорты бойынша облыстық ОРБЖСМ жетекшісі:

– Облысымызда кәсіпқой “Vino Astana Motors” велоклубы бар. Ол да Олимпиада чемпионының демеушілігімен пайда болды. Александр Винокуров мұндағы кәсіби шабандоздарға лицензиялық халықаралық жарыстарға қатысуға көмектеседі. Одан қалды, жас спортшыларды велосипедтермен және арнайы спорттық киіммен қамтамасыз етеді.

Шағын архитектуралық формаларға қайта оралайық. Қонақжайлылық жазбасын да, “Чемпион” композициясын да жергілікті “ҚазАвтоЖол” орнатқан. Жұмсалған қаржыны олар құпия қалдырды. Белгілісі, велошабандоздардың мүсіні Петропавлда алматылық компанияның көмегімен әзірленген. Композицияға 3 жыл кепілдік беріпті олар, әрине, бұзақылар мерзімінен бұрын бұзып тастамаса.

Саят Ермек