МТРА жаңалықтары

Қол астындағы қызметкер жемқорлыққа барса, басшы жұмыстан кетеді

Жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа кезеңі бастау алды десе болады. Енді қандай да бір қызметкердің бармақ басты, көз қыстылық іске қатысы бары анықталса, мемлекеттік орган басшысы отставкаға кетеді. Мұндай өзгерісті қараша айының соңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады. Бұл жайлы бүгін журналистерге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Ернар Баянғазин баяндады.

2019 жылдың 20-шы мамыры. Бұл күні елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде жиын өтті. Шара барысында мемлекет басшысы бармақ басты, көз қыстылық фактілерін жою жайына тоқталып, мынандай пікірін ортаға салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Егер біз жемқорлықты түбегейлі жоюды міндет етіп алсақ, меніңше, қол астындағы қызметкерлердің қылмыстық әрекеттері үшін мемлекеттік орган басшылары отставкаға кетуі керек. Олардың отставкаға кетуін қабылдауды немесе қабылдамауды мемлекет басшысы шешеді. Бірақ, жұмыстан босату туралы арыз жазуы міндетті шара болуы керек.

Ал араға 6 айдан аса уақыт салып мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар заңнамалық актілерге қол қойды. Енді қызметкердің қылмыстық әрекеті үшін мемлекеттік орган басшысы да жазаланады. Яғни, жұмыстан кетеді. Мұндай жаңашылдық Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет орын алып отыр.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Бұдан былай, саяси мемлекеттік қызметшілер – министрлер мен олардың орынбасарлары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдері және олардың орынбасарлары, аудан әкімдері мен олардың тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасаса міндетті түрде отставкаға кетулері керек.

Осы орайда жаңашылдыққа жіті тоқталайық. Заңның жаңа редакциясына сәйкес, бірінші басшы тікелей бағынышты тұлғасына қатысты сот үкімі күшіне енгеннен соң күнтізбелік 10 күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін отставкаға кетуге міндетті.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Мысалы, министрдің орынбасарлары, жауапты хатшы немесе аппарат басшысы, аймақтық бөлімше басшыларының қылмыстық іске қатысы бары анықталса, орнынан кетеді. Ал облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімі орынбасарлары, аппарат басшысы мен ықшам ауданның әкімдері үшін жауап береді.

Ал аудан басшылары өзінің орынбасарларына, аппарат басшысына, жетекшілік ететін аудандық атқарушы органдардың басшыларына, ауыл, кент, ауылдық округтердің әкімдеріне қатысты іс қозғалып, сот үкімі шықса, жұмыстан кетуге арыз жазады. Бұл жаңашылдыққа солтүстікқазақстандықтар қалай қарайды? Оны тұрғындардан сұрап көрдік.

–  Өз басым қолдаймын. Егер де адамның сыбайлас жемқорлыққа қатысы бары анықталса, басшы жұмыстан кетуі керек. Бұл оның ұжымды қадағалай алмағанын білдіреді.

– Жемқорлықпен мықтап күреспесек ол одан әрі тарала береді. Сондықтан, мына заңды құптаймын.

Байболат  Култанов