Аптадағы маңызды жаңалықтар

Әкімдік отырысында цифрландыру шаралары сөз болды

Өңірдегі егістік алқаптарының барлығы цифрландырылды. Яғни, әрбір гектардың берекелігі мен иесін көруге болады. Алға жылжу мал шаруашылығында да бар. Алайда, барлығына үлгі болуы тиіс білім саласындағы жағдай керісінше. Мұғалімдер электрондық күнделікті толтыру үшін мектепте түннің бір уағына дейін қалуға мәжбүр. Кейбірі қойылған талапты орындаймыз деп өзге елді мекенге ат басын бұратын көрінеді. Мәселе әкімдік отырысында қаралды.

Үйде не жұмыста отырып, мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу қазір қарапайым дүниеге айналды. Бұрындары құжаттарды алу үшін сағаттап кезекте тұрып, бірнеше органдардың табалдырығын тоздырсақ, қазір оны ұмыттық деуге болады. Халықтың та еті үйреніп келеді. Биыл мемлекеттік қызметтердің 67 пайызы электрондық түрде көрсетіліпті.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– 2020-да өңірдегі мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы электрондық форматқа көшірілуі тиіс. Көшті артқа Тайынша ауданы тартып тұр. Мұндағы жұмыс сылбыр жүргізіліп жатыр. Проблемалық сұрақтар аймақ бойынша да жоқ емес. Мемлекеттік қызметке қатысты 5 мың факті тіркелді. 7 жоспарлы емес тексеріс өткіздік. Тұрғындардан келіп түскен шағымдар расталды. Мәселелер бойынша тиісті шаруаны атқардық.

Көңіл көншітерлік жұмыс тек есеп бергенде ғана жақсы ма, әлде шынымен де жүйелі жүргізіле ме? Оны өңірдегі «ревизорлар» тексеретін болады. Сандық технологиялардың игілігін қазір ауыл шаруашылығы саласы көріп отыр. Мәселен, сүт-тауарлы фермалардың 17-сі автоматты түрде жұмыс істейді. Тіпті, қара малдық жағдайын да телефон не компьютерден көру мүмкіндігі қарастырылған. Келесі жылы бой көтеретін 10 кәсіпорын да заман талабына сай болуы тиіс. Өсімдік шаруашылығына келер болсақ, егіндіктің 100 пайызы цифрландырылған. Яғни, кез келген алқаптың кімге тиесілі, не егілді, ең бастысы өнімділігінің қандай екенін көруге болады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ғарыштық немесе ұшқышсыз басқарылатын құрылғы арқылы алқаптардың жағдайын да бақылайтын боламыз. Қандай дақыл егілгенін де көре аламыз. Сондай-ақ, арамшөптің көлемін анықтауға мүмкіндік бар. Осылайша, орташа өнімділігіне көз жеткіземіз. Егер шаруа қожалықтарындағы гектар берекелігі аудандық көрсеткіштен төмен болса, айыппұл салынады. 2 ескертуден кейін мардымды жұмыс атқара алмайтын аграрийлерден жерді тартып алу бойынша шаруа жүргізбекпіз.

Алқаптар жердің тілін таба алатын диқандарға берілмек. Келесі жылы жұмыс істеймін деген шаруаларға қолдау күшеймек. Фунгицидтердің субсидиясына 2,7 млрд тг қарастырылған. Минералды тыңайтқыштарға жұмсалған қаржының 70 пайызы қайтарылады. Әрі тұқымды алуда да айтарлықтай өзгеріс бар. Енді тек отандық қана емес, шетелден әкелінетін элиталық дәндерге де субсидия бөлінбек. Мал шаруашылығын қолға аламын, кеңейтемін деген жандар үшін де жақсы жаңалық бар. Бағасы 1 млн теңгеге жуықтайтын асыл тұқымды ірі қараға кететін қаражаттың да тек жартысы аграрийдің қалтасында қалады. Бастысы – шаруаны іске асыру үшін ат терлетіп, құжат рәсімдеуге алыс жолға шығудың қажеті жоқ. Жұмыс электрондық форматта атқарылмақ.

Цифрландыру бойынша үздіктер қатарынан көрінуге білім саласының мамандары да тырмысуда. Алайда, кейде шектен шығып кететін көрінеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Білім саласына қатысты айтылатын сын көбейді. Электрондық күнделікті толтыру проблемаға айналды. Елді мекендердің барлығында бірдей интернет жоқ. Ал сіздер шаруаның орындалуын талап етесіздер. Мұғалімдер түнде интернеттің жылдамдығы сәл де болсын артатындықтан мектепте қалып жұмыс істейді екен. Тіпті ,өзге ауылға баратындықтарын да естідім. Бұл не сұмдық? Интернеті жоқ ауылдар электрондық күнделік жүргізуден босатылсын. Бізге әдемі есептің не керегі бар?

Білім басқармасы мәселеден хабардар. Цифрландыру үрдісінен 25 мектеп осылайша шеттетіліпті. Алайда, проблема түбегейлі түрде шешілмеген көрінеді. Себебі, интернетке қол жеткізе алмай жүрген елді мекендердің саны әлдеқайды көп екені белгілі. Сұрақты бір мезетте шешуге жергілікті әкімдік қауқарсыз. Іс қомақты қаражатты талап етеді. Сондықтан, шаруа республикалық жоспарға сай атқарылмақ. 2022 жылда селолардың 86 пайызы жоғары сапалы интернетпен қамтылмақ. Сандық технологиялардың пайдасын әзірге толыққанды / шаһарлықтар көріп отыр. Мәселен, қала бойынша бейнекамералар орнатылуда. Келесі жылы құқық бұзушылардың ізін суытпай ұстауға сеп болатын заман игілігінің тағы 108-ін сатып алу көзделуде. Электрондық билеттердің де ауылы алыста емес. Көлеңкелі экономикаға балта шабуға мүмкіндік беретін жүйе қазір әзірлену үстінде.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Біз сұранысқа аса ие және сұранысы төмен екі бағытты алдық. Бір ай бойы мониторинг жүргізіп едік, сөйтсек, жолаушы тасымалымен айланысатын жандар өз айтқандарынан 3 есе көп пайда табады екен. Жүргізушілер күніне 2 мың адамға қызмет көрсетеміз деп еді, іс жүзінде олардың саны 6 мыңнан асып жығылады.

Ағымдағы айдың соңына дейін электрондық билеттердің жобасы әзірленетін болады. Осылайша, қолма-қол ақшасыз төлемді қашаннан бері жүргізетініміз белгіленбек. Әкімдік отырысында азық-түліктердің бағасы да қаузалды. Мәселенің күн тәртібінен түспеуіне себеп бар. Қант, тұз, ұн, сәбіз пен қырыққабаттың құны өсіпті. Соңғыларының бағасын төмендету үшін қазір барлық тиісті шаралар атқарылып жатыр дейді тиісті басқарма басшысы.

Эльмира Сәдуақасова