Аптадағы маңызды жаңалықтар

Құмар Ақсақалов өңірдің 10 айлық дамуын қорытындылады

Аграрлы саланың көрсеткіштері көңілден шығады, тартылып жатқан инвестиция ауқымы кең әрі өндірісте де оң нәтижелер баршылық. Ал ауылдағы ағайынды толғандыратын мәселелер біртіндеп шешіліп келеді. 700 шақырымға жуық жол жөнделіп, елдімекендіктерді таза ауыз сумен қамту үшін 4 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов елордадағы орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде өңірдің басты жетістіктерімен бөлісті. Бұл 10 айдың ішінде атқарылған шаруаның бір парасы ғана.

Таза ауа, құнарлы жер мен сұлу табиғат. Облыс әкімі өз сөзін солтүстік өңірін таныстырудан бастады. Аққайыңдар өлкесі бүгінде үлкен мүмкіндіктердің мекеніне айналып отыр. Инвестициялық климаты қолайлы әрі аймақтың орналасуы да тиімді. Яғни, өндірілетін тауарды экспортқа шығарамын десеңіз – мархабат. Облысымыз бай астығымен де мақтана алады. Ел бойынша жиналатын алтын дәннің төрттен бірі – жергілікті диқандардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өңір – ауыл шаруашылығы өнімін өндіру бойынша көшбасшылардың бірі. 3 жылда өнім көлемі 1,3 есеге өсті – 411 млрд теңгеден 580 млрд теңгеге дейін. Экономикада агроөнеркәсіп ішкі жалпы өнімнің төрттен бірін алып отыр. Бізде өндіру көлемі қолдануға қарағанда әлдеқайда жоғары.

Аграрийлер өсімдік шаруашылығының тілін таба алатынын биыл тағы бір мәрте дәлелдеді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан өңір диқандары 5,1 млн тоннадан астам бидай жинады. Бұл – минералды тыңайтқыштарды қолданып, қыруар қаржыны қуатты техникаға жұмсаудың нәтижесінде дейді облыс әкімі. Әрі әртараптандыруға да көп көңіл бөлінеді. Қазір бидайдан бөлек, 1 млн га алқапта майлы дақылдар өсіріледі. Астық бүгінде Ресей мен Еуропа елдеріне саудалануда. Ал, Қытай болса сояға қызығушылық білдіріп отыр. Тиімділігін танытқан дақылға үстіміздегі жылы 20 мың га бөлінсе, 2020-да алқаптың көлемін 5 есеге ұлғайту жоспарлануда. Алайда, жер емген диқандардың көрсеткішін артқа тартатын шаруалар да бар аймақта. Ала жаздай өсірген егіннен аграрийлердің бірі кемінде 20 центнерден алып отырса, өзгелері 7-8-ге әзер дегенде жеткізеді. Соңғыларының мардымсыз жұмысынан / кезінде өркендеп тұрған ауылдар құлдырап, тұрғындар көшіп кетуде.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Соңғы 4 жылдың ішінде өңірде мемлекет меншігіне 670 мың га ауыл шаруашылығына арналған жер қайтарылды. Оның 480-мыңы қазір қолданыста. Бұрындары алқаптар заң бойынша шаруалар 5 жыл қатарынан нашар жұмыс істесе ғана алынатын. Қазір бұл мерзім 2 жылға дейін қысқарды. Бірақ, іс жүзінде процесс 3 жылға созылып кетеді. Істі тездету үшін агроқұрылымдарға 12 ай ғана уақыт беру қажет.

Ала жаздай өсірген астықты сыртқы нарыққа шығарудан бұрын оны өңдеу маңызды. Өңірде аталған шаруамен «Kazmeal», «Тайынша Май» мен «Bio Operations» айналысады. Соңғы аталған кәсіпорын крахмал мен глютен шығарады. Ал келесі жылдың басынан биоэтанол өндірісін қолға алады. Бұл -қоршаған ортаға зияны бар метанолдың орнын басатын экологиялық таза жанар-жағармай болмақ. Мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша да жұмыс бір жолға қойылған. Цифрландырылған сүт-тауарлы фермалар, су жаңа ет комбинаты мен шошқа өсіру кешені. Алайда, бастысы қуатты кәсіпорындарда жұмыс істейтін тұрғындар болуы қажет. Сондықтан, ауылдағы ағайынның жағдайына да көп көңіл бөлінуде.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  Биыл 676 шақырым жолды жөндеуге 30 млрд теңге қаржы бөлінді. Осылайша, 133 елді мекеннің тұрғындары үшін, яғни 65 мыңдай солтүстікқазақстандықтың жолға қатысты проблемасы шешілді. Таза ауыз суға келер болсақ, 4,4 млрд теңге жұмсалды. Қазір біз тіршілік көзін ауылдарға ғана емес, әрбір ағайынның үйіне тартуға басымдық берудеміз. Қазір 20 мың баспанада су бар. Бұл барлық үйлердің 26 пайызын құрайды.

Үстіміздегі жылы 41 елді мекенде 178 шақырым болатын су таратушы тораптар қалыпқа келтірілді. Алдағы уақытта шаруа жалғасын таппақ. Өндіріс саласындағы қарқын да кеуде қағарлықтай. Өңірде жаңа фабрикалар мен зауыттар іске қосылуда. Сырымбет қалайы кен орнында да жұмыс басталды. Іске 100 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл рекордтық көрсеткіш екенін айта кету қажет. Ал 2020-да кен-байыту комбинаты тұрғызылмақ. Қысқасы, 2019 жыл өлкеміз үшін ауқымды жобаларға бай болды. Аймақта термовагондар шығарылады, ал алдағы уақытта жергілікті жерде жинақталған ноутбуктерді қолымызға аламыз. Еліміздегі «Qyzyljar» бірегей арнайы экономикалық аймағы да біздің облысымызда құрылды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Инвесторлар салық төлеуден босатылады. Бизнесмендерге кеден бажы да салынбайды. Алғашқы инвестиция көлемі 160 млрд теңгені құрамақ. 3 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Мүмкіндікті пайдалана отыра, қалталы азаматтарды біздің «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында еңбектенуге шақырамын. Барынша көмек пен қолдау көрсетілетін болады.

Атқарылып жатқан шаруа тұрғындардың табысына оң әсер етуі тиіс. Бүгінде солтүстікқазақстандықтардың жалақысы ел бойынша төмен. Алайда, жыл басынан еңбекақы 16 пайызға өскен болатын. 12 мыңнан аса жаңа жұмыс орны да ашылды. Журналистер сәтті пайдаланып, Құмар Ақсақаловтың айлық еңбекақысын білуге де қолқа салды. Аймақ басшысының сөзінше, ол қолына 766 мың теңге алады екен. Елордалық тілшілерді өңір жетекшісінің хоккейге деген қызығушылығы да қызықтырды. Жуық арада әкімнің командасы ресейліктермен кездесу өткізбек екен. Облыс әкімі премьер-лигаға жолдама алған « Qyzyljar» футбол клубына қатысты ойымен де бөлісті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  Биыл футбол клубында жергілікті 6-7 ойыншы болды. Келесі жылы олардың санын 2 есеге арттыруды көздеп отырмыз. Ал легионерлердің санын қысқарту керек. 2-3-еуін қалдырамыз. Себебі, олар – тәжірибелі, мықты ойыншылар. Жергілікті балаларға үлгі болады. Менің позициям – барлық спорт түрлерінде біздің балалар болуы қажет!

Жерлестерге қолдау көрсету – басты басымдықтардың бірі. Бұл – туризмге де қатысты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Соңғы 3 жылда курорттық аймақта 273 шақырым жол жөнделді. Оған 7 млрд тг жұмсалды. Алдағы 5 жылда Шалқар мен Имантауға қомақты қаржы құйылмақ – 23 млрд тг. «Ботай» мұражайының құрылысы, Имантау көлінің жағажайын жаңарту көзделген. Инвесторлар заманауи демалыс базаларын салады. «Шалқар Су» санаторийі қайта қалпына келтірілуде. Өңір тұрғындары басқа жаққа бармай-ақ санаторлы ем алмақ.

Бұл – жазға таман атқарылатын шаруа, әрине. Айта кетейік, алдағы Жаңа жылды қарсы алуға қаражат шығындалмайды. Үнемділік танытылып, ақша маңызды істерге жұмсалмақ. Мерекенің көркін өткен жылдары сатып алынған шырша мен жарық шамдар келтіреді.

Эльмира Садвокасова