Қоғам

Облыстық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті

Кейбір аудандардағы мұғалімдердің іссапары төленбейді. Педагогтар біліктіліктерін арттыру курстарына өз ақшасына барады екен. Жол ақысын да, пәтерге жұмсалатын қаржыны да ұстаздар өз қалталарынан шығаруға мәжбүр.

Жыл сайын өңірге республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат артып келеді. 2020-да СҚ-ға 145 млрд теңге қарастырылыпты. Бұл биылғы жылғымен салыстырғанда бақандай 1,5 есеге көп. Ақша қайда және қалай жұмсалмақ? Қоғамдық кеңесте қарастырылған алғашқы сұрақ осы. Қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышканттың сөзінше, әрбір саланы дамыту көзделіп отыр. Алайда, проблемалар шешімін таба ма екен. Мәселен, өңірдегі мектептердің қамтылуын алайық. Қазір қаладағы білім ошақтары былай тұрсын, елді мекендегі оқу ұяларының да материалдық-техникалық базасы нығайған. Алайда, жылдар бойы шешілмей келе жатқан бір мәселе бар екен. Проблеманы  бетпе-бет кезігетін мұғалімдер де ашып айтпайтын көрінеді. Педагогтар қауымының көкейінде жүрген сұрақты облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Ерік Нұрақаев жеткізді

Ерік Нұрақаев – облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– Мұғалімдер түрлі семинарлар, бірнеше айлық немесе апталық курстардан өту үшін қалаға жиі келіп тұрады. Бірақ, бұл мақсатқа кейбір елді мекендерде бір тиын да қарастырылмаған. Яғни, жолын өзі төлейді. Пәтер іздеп дал болады. Біліктілікті арттыруға бөлінген қаражат өте аз. Ешқайда жетпейді ғой. Осы мәселені шешетін уақыт жетті деп ойлаймын.

Сөйтсек, мұғалімдерге біліктіліктерін арттыру үшін жағдай тек санаулы аудандарда жасалады екен. Қалғандары семинар мен курстарға барғанның өзін қанағат тұтулары керек көрінеді. Облыстық білім басқармасы проблеманы жоққа шығармады.

Айгүл Хасенова – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Қазір мәселені шешіп жатырмыз. Бұл сұрақты Білім және ғылым министрлігінің деңгейінде көтерген болатынбыз. Бірақ, дәл осы жауапкершілік әрбір жергілікті билікте жатыр. Яғни, ең бірінші кезекте қаражат аудандық әкімдікте қарастырылуы тиіс.

Қоғамдық кеңес мүшелері онда бұл сұрақты аудан әкімдерін жинап қарастырайық деген ұсыныс тастады. Бастысы, жабулы қазан жабулы күйінде қалмауы тиіс. Ендігі бір мәселе денсаулық сақтау басқармасына қатысты. Жыл сайын халық арасында тегін дәрі-дәрмек мәселесі қызу талқыға түседі. Себебі, препараттар барлығына бірдей жетпейді. Ал қаңтар-ақпан айларында қажетті дүниеге тіптен қол жеткізу мүмкін емес. Қалыптасып қалған жағдайды жиналғандар Тимур Сұлтанғазиевтен сұрастырды.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Өткен жылмен салыстырғанда биылғы жағдай әлдеқайда тұрақты. 2018-дің тоғыз айында тегін дәрі-дәрмекті сатып алуға 2,4 млрд теңге бөлінді. Ал үстіміздегі жылдың сәйкес мерзіміне 3,6 млрд қарастырылды. Қаржыландыру 33 пайызға өсті. 2019-дың соңына дейін бізде 5,3 млрд теңгенің келісім шарты бар.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының сөзінше, биыл дәрі-дәрмекпен қамтылғандардың саны да әлдеқайда көп. Ағымдағы жылы 73 мың адам препаратты тегін алыпты. Өткен жылғы көрсеткіш 65 мыңды құраған еді. Тағы жиын барысында жастарды жұмыспен қамту мәселесі де көтерілді. Қыз-жігіттерді екі қолға бір күрекпен қамту үшін мемлекеттен жасалып жатқан шаралардың нәтижесі сөз болды.

 

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова